30/05/2023

«Астана Балет» театрының маусым айындағы афишасы

Х мерейтойлық маусым аясында «Астана Балет» театры үздік спектакльдерімен қатар, бірегей жобаларын да көрермен назарына ұсынып келеді.

16-маусымда «Астана Балет» сахнасында оркестр әртістерінің орындауында «NON classica» шоу-бағдарламасы көрсетілмекші. Бұл кеште классикалық емес музыка заманауи әуезде орындалады. «Астана Балет» театрының жас оркестрі классикалық шығармаларды мінсіз орындауымен танылып үлгерді. Дегенмен, шығармашылық ізденіс нәтижесінде көрермен назарына көптен таныс музыканы тың ырғақта, заманауи әуезде ұсынбақшы. Әртістердің орындаушылық шеберлігі тыңдарман қауымға қуат дарытып, көңілін асқақтатары анық. Джаз және заманауи хит әуендер нағыз авторлық өнер туындысы ретінде қабылданады.

23-24 маусымда Еуропа хореографиясының кеші өтпекші. Бірінші бөлімде заманауи бидің дарабозы Иржи Килианның туындысы көрсетіледі. Оның туындысы музыкалық әуезділігімен, монохромды эстетикасымен, орындаушылықтың әлемдік деңгейімен дараланып тұр. Америкалық минималист Стивен Райхтың «Drumming» атты шығармасын «Астана Балет» оркестрінің ұрмалы аспаптар тобы орындап шығады.

Кештің екінші бөлімінде көрермен қауым аты аңызға айналған Джон Ноймайердің шәкірті Кристина Полин қойған «Орфей мен Эвридика» балетін тамашалай алады. Туынды маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Бұл балет С.Прокофьев, Э.Элгар, Г.Фридрих Гендель және Д.Джаконелло шығармаларына қойылған. Спектакльде өмірдің мәні, жан туралы фәлсафалық ой-толғамдар қозғалып, автор пәк сезім, махаббат пен өнердің асқақ рухы жайлы толғана тебіренеді.

30-маусым мен 1-шілдеде көрермен назарына Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетін ұсынады. Қазақтың ғашықтық жырының желісімен қойылған бұл туынды балетке құйып қойғандай. Қарама-қайшы кейіпкерлер, жақсылық пен зұлымдықтың текетіресі, махаббат пен опасыздық тақырыбы әмәнда өзекті болып қала бермек. Ғаламат сценография, әсем костюмдер, жарқын бейнелер мен ұлттық нақыштағы хореография тіліне құрылған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі көрермен көзайымына айналды.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.