21/10/2022

«Астана Балет» сахнасында испандық албырт сезім

«Астана Балет» театры 4-5 қарашада бір актілі балеттер кешін өткізеді. Хореография өнеріне тәнті жандардың назарына тұла-бойыңды билеп, сана-сезіміңді баурап әкетер қойылымдар ұсынылмақшы: Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде қойылған Альберто Алонсоның әйгілі «Камрен-сюита» балеті мен хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» спектаклі.

Кештің бірінші бөлімінде театрдың мерейтойлық маусымының ауыз толтырып айтарлық премьерасы – «Кармен-сюита» балеті көрсетіледі. ХХ ғасырдағы хореография жауһары саналатын спектакльді қоюды аңызға айналған балерина Майя Плисецкая ұсынған. Ол талай жыл Кармен бейнесін сомдауға құмартқан екен. Майя Плисецкая қойылымды дайындауға кубалық хореограф Альберто Алонсоны шақыртып, осы балетке арнап музыка шығаратын композиторды ұзақ уақыт таба алмағандықтан, күйеуі Родион Щедринге қолқа салады. Р.Щедрин транскрипциясының арқасында тұтас, қуатты музыкалық туынды пайда болды. Мұнда әйгілі сюжеттегі драматизм, текетірес пен эмоционалды күй толық көрініс тапқан.

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов атап өткендей, «Астана Балет» ұжымы «Кармен-сюита» балетін сахналауды көптен бері ойластырған.

- Бұл – әлемге даңқы жайылған ғаламат балет. Репертуарымызда осындай туынды болуы керек деп шештік. Дегенмен, айта кетерлігі, оны антиклассика деп санайды, яғни, классикалық балетке тән қимылдар, сахнада бойыңды ұстау мәнері, жалпы, сахналық шешімдер – осының бәрі классикалық балет ұғымына қайшы келеді. Мен де бір кездері осы балетті билеген едім. Сондықтан, мұндағы партияларды орындау кәсіби біліктілікті арттыратынын анық білемін. Ал, бас кейіпкерді орындаушыға келер болсақ, оны темпераментке қарап таңдадық: Кармен бейнесі – албырт сезім, әйел затына тән көрік пен еркіндіктің жиынтық бейнесі.

Балеттегі негізгі оқиға желісі – сыған Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хосенің қайғылы тағдыры, сарбаздан теріс айналып, сыған қызының жас Торероны таңдауы айналасында өрбиді. Кейіпкерлердің қарым-қатынасы мен Карменнің Хосе қолынан қаза табуы пешенеге жазылған екен. Осылайша, Кармен оқиғасы (әдеби түпнұсқа мен Бизе операсымен салыстырғанда) символикалық мәнерде сипатталып, оқиға орының бірлігі (коррида алаңқайы) осы әсерді күшейте түсті.

Орындаушылардың жарқын келбеті, адуынды мінез бен пластикалық иірімдер, іңкәр болмыс, музыкалық дәлдік, махаббат тақырыбының жаңа қыры мен хореографиялық канондарды бұзу – осының бәрі «Кармен-сюита» балетіне қатысты айтылады.

Кештің екінші бөлімінде Р.Амарантенің «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті көрсетіледі. Композиторлар Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С.Косугидің бірегей музыкасына қойылған туынды көркем пластикалық шешімдері, динамикасы жағынан дараланып тұр.

Арнасынан тасыған энергетика мен харизмасының арқасында бұл туындыны көрермендер де, әртістер де ерекше жақсы көреді. «A Fuego Lento» театрдың гастрольдік бағдарламасына міндетті түрде қосылатын туынды: ол Ковент-Гардендегі Корольдік театр (Лондон), Линкольн-орталық (Нью-Йорк), Гримальди Форум Монако (Монте-Карло) және өзге де театр сахналарында көрсетілді. Тангоның албырт, адуынды әуезі бүкіл эмоцияны күшейте түсіп, бұл туынды көрермен санасында мәңгі-бақи сақталып қалады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.