Фархад Бөриев, «Астана Балет» театрының жетекші солисті
«Әрине, балет әртісі үшін үйде отырып шынығу ыңғайсыздау, себебі, пәтер іші тарлық етеді. Бірақ, мен жаттығуларды доғарған емеспін. Фитнеспен айналысып, дене мүшелерін созамын, дегендей. Меніңше, спортшылар мен әртістерге оқшаулану – психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Себебі, біз үнемі қозғалып жүреміз, бір жағынан, көрерменімізді де сағындық. Біз, әдетте, көрсетілім болмай қалса налимыз, ал, қазіргі шақта, не сахна жоқ, не зал жоқ. Есесіне, карантиннен кейін, жұмысқа қуана-қуана ораламын!»
Татьяна Тен, «Астана Балет» театрының жетекші солисті
«Бір қызығы, театр карантинге жабылғалы бері, ұйқым азайды. Таңғы 8:30 оянып алып, онлайн- сабағыма кірісемін. Қазір ұстаз-репетитор мамандығы бойынша тәлім алып жүрмін. Тапсырмалар өте көп, сондықтан, түн ортасына дейін дайындаламын. Әрине, шынығуды да ұмытпаймын, гимнастикамен айналысамын. Негізі жұмыс жетеді: көп ұзамай емтихан басталады. Театрымызға да жақын арада оралып, көрерменімізді жаңа премьералармен қуантамыз деген үміттемін».
Дилара Шомаева, «Астана Балет» театрының жетекші солисті
«Мен Хореография академиясының докторантымын, сондықтан, осы сәтті пайдаланып, оқуыма көбірек көңіл бөле бастадым. Түрлі білім бұлақтарынан тәлім алуға тырысып келемін. Мысалы, инстаграм парақшасындағы Эрмитаж лекцияларын ұнатамын. Физикалық формамды сақтап қалу үшін, гимнастикамен, күн аралатып – пилатеспен шұғылданамын, себебі, ол бүкіл бұлшық етті қалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Әсіре құнығып та кетпеймін, себебі, карантин – аз да болса тәніңді тынықтыруға мүмкіндік береді. Театрды қатты сағындым: оның атмосферасы, бәріміз үйренген ритмі, репетициялар, спектакльдер, тылсым сахнамызды сағындым. Көрермен алдына шығар сәтте бойыңды кернеп әкететін ерекше сезімді сағындым. Көрерменімізді сағындым. Бірақ, осы бір уақытша оқшаулануымыз қауышқан сәтіміздің қуанышын еселей түседі, деп білемін».