23-24 маусымда «Астана Балет» театрының сахнасында А.Аданның бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қойған «Жизель» балетінің премьерасы өтеді. Бұл шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының аясындағы мәдени құбылысқа айналмақ.
Классикалық балет өнерінің жауһары саналатын, хореографиясы, сценографиясы мен костюмдері ғаламат бұл спектакль, сөз жоқ, астаналық театр жылнамасында ерекше маңызға ие болмақ.
Спектакльді қойған Рикардо Амаранте, классикалық мұраны сахналамас бұрын, Еуропаның түрлі балет компанияларында осы балеттің жетекші партиясын бірнеше жыл орындап, оны түбегейлі зерттеп алған.
«Осы балетті өзімше қоюға тырыстым, «Астана Балет» театры ұжымымен осы спектакльді жаңа қырынан танытуға тырыстық. Түбегейлі өзгеріс жоқ, әрине. Бірақ, өзіміздің трактовкамыз аңғарылары анық. «Жизель» спектаклі «Астана Балет» труппасының шығармашылық әлеуетін паш етпек», - дейді ол.
Екі актілі спектакль Генрих Гейне қағаз бетіне түсірген, виллистар жайлы көне поэтикалық аңыздың желісімен қойылған. Виллистар тұрмысқа шықпаған, сүйіктілері теріс айналғандықтан өмірімен қош айтысқан жасөспірімдер. Шаруа қызы Жизель де солардың біріне айналды. Оның жарқын әрі әсем әлемі қираған шақта, қорлыққа көнбеген қыз бала, ғашығының одан теріс айналғанына көзі жеткенде құсалықтан жан тапсырады.
Түнде көрінен көтеріліп, виллистар өздерінің ойран болған өмірі үшін өш алады. Алдына кездескен ер адамды биге шақырып, ақыры ажа құштырады. Алайда, Жизельдің граф Альбертке деген махаббаты зұлымдықтан күшті болып шықты. Ол өзін алдаған графты кешіріп, оның өмірін аман сақтап қалады. Альберт тірі қалғанымен, көз жазып қалған махаббаты жайлы мұң жүрегіне мәңгі ұялайды.
«Астана Балет» театрының бұл қойылымында байырлы балет жаңа қырынан танылды. Романтизмнің шыңы саналаын осы аңыз-спектакльдің тек биік рухы мен поэтикалық сипаты өзгеріссіз қалған.
Спектакльді қойған Рикардо Амарантенің айтуынша, көрермен қауымға эмоция сыйлау үшін арнайы әсерлер қолданылмақ. Сонымен қатар, А.Адан музыкасын симфониялық оркестр орындайды. Мұның өзі ерекше күйге бөлейтіні анық.