2021 жылғы 27 – 31 қазан аралығында Малая Броннаядағы Театрдың Қазақстандағы гастролі өтеді. Саша Денисованың «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» атты спектаклі Нұр-Сұлтанда, «Астана Балет» Театрының сахнасында көрсетілетін болады.
Спектакль сюжеті КСРО-да тоқырау кезеңінде өмір сүрген кеңес азаматы болса, Жарқанат адам не істер еді деген тақырыптағы фантазияға құралған. Комикстердің кейіпкері КСРО-да өмір сүретін қарапайым жазушы Дудочкиннің есімін жамылған. Сырт көзге сылбыр көрінетін ол миллиондаған кеңес азаматының бірі. Ымырт үйіріле Толя Дудочкин қара қанатын жайып, жетілдірілген «Жигули» көлігіне мініп, тоқыраудағы Готэм-Град қаласының залымдарын жазалайды. Клеш-джинсы киген ол қарапайым кеңес азаматтарының қорғаны. Оқиға барысында ол өзінің ғашығын жолықтырады.
Броннаядағы Театр директоры Елена Мироненко: «Броннаядағы Театр бәріміз үшін күрделі пандемия кезеңінде алғаш рет Ресейден тыс жерге гасрольдік сапарын ұйымдастырып отыр. Қазақстанда, біз, 2021 жылғы аты шулы премьера – «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» атты, режиссер Саша Денисованың спектаклін үш мәрте көрсетпекшіміз. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы жарқын әрі бірегей спектакльге орынды бағасын береді деген үміттеміз. Қазан айының соңында көрермен қауыммен қауышар сәтті асыға күтудеміз!».
«Бұл Мәскеулік Броннаядағы Театрдың Қазақстанға алғашқы гастрольдік сапары. Оның «Астана Балет» театрының сахнасында өтетініне өте қуаныштымыз. Саша Денисованың соны спектаклі – ХХІ ғасыр адамының биігінен Брежнев заманына деген ирониялық көзқарас; спекаткльде баршамыз үшін таныс, кеңестік әндер, кино мен тұрмыс заттары молынан кездеседі. Сөз жоқ, бұл қалың көрермен жүрегінен орын алары даусыз. Неге тап осы спектакльді таңдағанымызға келер болсақ, біз өз көрермендерімізге тың эмоция, театрымызға келген сайын таным көкжиегін кеңейтер бірегей тәжірибе сыйлағымыз келеді», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Спектакльге қатысушылар: Сергей Епишев, Ольга Лапшина, Мария Шумакова, Лина Миримская, Александра Виноградова, Лина Веселкина, Андрей Субботин, Сергей Кизас, Дмитрий Гурьянов, Дмитрий Варшавский, Александр Никулин, Владимир Яворский, Дмитрий Цурский.
Спектакльдердің басталуы: 28, 29 қазан, сағат 19.30; 30 қазан, сағат 18:00 — Нұр-Сұлтан, «Астана Балет» Театры.
Мәлімет ретінде: Броннаядағы Театр – 1945 жылдың наурызында негізі қаланған Мәскеу драма театр. Тұңғыш жетекшісі режиссёр Сергей Майоров. Әр жылдары театрда А. Эфрос, Е. Лазарев, В. Портнов, С. Женовач, А. Житинкин сынды режиссерлер жұмыс істеген. КСРО халық әртісі Лев Дуров 2003 – 2006 жылдары театрдың бас режиссері болды. 2007 – 2019 жылдары театрды Сергей Голомазов басқарды. Оның қойылымдары театр сыйлықтарына ие болып, көрермен мен сыншылардың тарапынан жоғары бағаланған. Броннаядағы Театрдың 74-ші маусымының шымылдығын жаңа көркемдік жетекші – режиссер Константин Богомолов ашты. Ол осы лауазымына 2019 жылдың маусымында тағайындалған. Қазіргі кезде театр жас дарынды режиссерлерді шығармашылық ынтымақтастық құруға шақырып, түрлі тың спектакльдер мен жобалар жүзеге асырылуда. Осы қадамдарға қолдау көрсетіп отырған – Соломон Михоэлс атындағы Заманауи театрды қолдау және дамыту қоры.