Қарашаның 14-15 күндері Тбилисидегі З.Палиашвили атындағы Опера және балет театрының сахнасында отандық балет труппасы өнер көрсетті. Гастроль бағдарламасына кірген спектакльдер еліміздің ғана емес, дүниежүзінің де көрермен қауымын тебіренткен қойылымдар: «Саломея» және «A Fuego Lento» бір актілі балеттері мен «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті. Екі күн бойы аншлаг болып, грузиялық көрермен әртістерімізге деген ыстық ықыласын білдіріп жатты.
«Гастрольдік бағдарламаны үлкен жауапкершілікпен таңдап, жан-жақты әрі контрастты бағдарлама ұсынуды жөн деп таптық. Яғни, заманауи спектакльдер мен театрымыздың мақтанышы - еліміздің бай мәдени мұрасын паш еткен «Ұлы Дала мұрасы» хореографиялық миниатюралар жинағы таңдалды. Біздің мақсатымыз қазақстандық хореография өнеріне деген көрермен қауымның қызығушылығын арттырып, өнерсүйер қауымның санын көбейту», – деп атап өтті театр директоры Александр Совостьянов.
Алғашқы күні Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С.Косуги музыкасына Рикардо Амарантен қойған «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті мен Оскар Уальдтің пьесасы бойынша Фазыл Сай музыкасына театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.
«Балет әртісі үшін театрымыздың ішінде өнер көрсетумен бірге, шығармашылық қызметінің маңызды бөлшегі, сөз жоқ, гастрольдік сапарлар. Тбилисидің ең көне театрының сахнасында өнер көрсету зор жауапкершілікті талап етеді. Бәріміз үшін бұл кезекті сынақ болды, одан сүрінбей өттік. Көрермен қауым әртістеріміздің дарыны мен театрымыздың шығармашылығына таңдай қақты», – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Театрымыздың мақтанышына айналған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы гастроль шымылдығы жапты. Көрермен қауым ұлттық музыкаға ұйып, көркем бейнелер мен хореография өрнегіне тәнті болды.
«Театрымыздың бет-бейнесі бай классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің негізінде қалыптасты. Осының арқасында ұлттық биімізді үлкен сахнаға шығарып, әлемге паш ету мүмкіндігі туындаған болатын. Біз қазақ биін ой елегінен өткізіп, оның үйлесімділігі мен сұлулығын аша түсетін тың хореографиялық миниатюралар шығаруға ерекше көңіл бөліп келеміз. Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетін танытудың бір амалы. Сол себепті, ұлттық би театрымыздың барлық гастрольдік сапарларының сәнін келтіреді», – деді Айгүл Тәти.
«Менің ойымша, Тбилисиде өнер көрсеткен театрымыз жаңа шығармашылық белестерді бағындыруға қанаттанады. Әртістер үшін гастроль – шығармашылықтың маңызды бөлшегі. Онсыз шынайы кәсіби кемелдік, бейтаныс, жаңа аудитория алдында өз мүмкіндігіңді сынап көру, өнерсүйер қауымға мәдениетіміз бен дәстүрімізді көрсету мүмкін болмас еді», – дейді театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Елге оралған соң, «Астана Балет» театрының әртістері желтоқсанның 4, 9 және 10 күндері өтетін «Қар патшайымы» балетінің премьерасы мен желтоқсанның 20-25 және 27-31 аралығында көрсетілетін, бүкіл отбасыңызбен көруге арналған жаңа жылдық «Щелкунчик» балетінің қойылымына дайындалады.
Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.