19/06/2019

Еуразиялық балет өнері фестивалінің шымылдығын Гала-концерт жапты

Дәстүр бойынша, фестивальдің жабылу салтанатына әлемдік балет жұлдыздары жиналды. Фестивальдің қысқа да болса, өте мазмұнды жылнамасында көрермен қауым Португалия, Ресей солисттерін, Лозанна, Люксембург, Штутгарт театрларының труппалары мен өзге де әлемдік бренд иегерлерімен таныса алды. Бұл жолы қорытынды концертте көрермен Берлин Операсы, Мажарстан мемлекеттік театры, Ресей Үлкен театры және Михайлов театрының (Санкт-Петербор) жетекші солисттерінің өнерін тамашалай алды. Сонымен бірге, «Астана Балет» және «Астана Опера» театрларының жетекші солисттері де, шет елдік жұлдыздардан артық болмаса, кем болған жоқ.

Концерттің өте тиянақты әзірленген бағдарламасын атап өткеніміз жөн болар. Классика ізін ала заманауи қойылымдар көрсетілді. Әртістер түрлі жанрдағы қарым-қабілетін таныта алды.

Классикалық бөлімде «Жизель», «Аққу көлі», «Корсар» және «Дон Кихот» балеттерінен па-де-де, Обердің «Классикалық па-де-десі», Фокиннің «Шаһризада» балетінен адажио мен Пьер Лакотт қойған «Перғауынның қызы» спектаклінен па-де-де көрсетілді.

Заманауи репертуардан Раймондо Ребектің «Осы сәт қанша жалғаспақ?»; Уильям Форсайттың «In the middle somewhat elevated»; Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және Р. Ребектің «Элегия» спектакльдерінен үзінділер көрсетілді.

Кеш шымылдығын Мажарстан мемлекеттік театрының примасы Әдия Танықпаева мен Михайлов театрының премьері, халықаралық байқаулардың лауреаты Леонид Сарафанов ашты. Олар А.Аданның «Жизель» балетінің екінші актінен па-де-де орындады.

Қазақ көрерменінің мақтанышы Әлия Танықпаева «Астана Опера» театрында, Еуразиялық балет өнері фестивалінің аясында көрсетілген «Жизель» балетінің премьерасынан айықпаған тәрізді еді. Мәнерлі «сильфидалық» кейіптер, мінсіз тән (фестивальге Әлия Танықпаева жеті айлық баласымен келді. Адайда, өзінің сахналық кейпі ғаламат!) көрермен қауымды байырғы романтикалық балет атмосферасына жетелеп әкетті. Сөз жоқ, «Би Бенуасы», «Алтын бет-перде», «Алтын софит» сыйлықтарының иегері Леонид Сарафанов та биіктен көрінді! Альберт бейнесінің сыртқы әрі ішкі болмысын аша білген әккі шебер сахнадағы аз ғана уақыт ішінде таныта алды.

Eurasian dance festival тағы бір артықшылығы - классикалық әрі заманауи репертуардың бірегей қойылымдарын кеш бағдарламасына енгізу. Жыл сайын, фестиваль ұйымдастырушылары көрермен қауымды жаңа қойылымдармен, жаңа есімдермен таныстырып келеді.

Бұл жолы Шостаковичтің музыкасына қойылған А.Ратманскийдің әйгілі «Асыл бұлақ» қойылымынан па-де-де көрсетілді. Концерт сценографтар ыұсынған кеңшар егістігінің алқабындағы кейіпкерлердің лирикалық-комедиялық амплуасын әртістер мінсіз орындай алды. Көрермен қауым әртістер мен хореографқа ұзақ уақыт қол шапалақтап, құрметін білдірді.

Үлкен театр премьерлері балет өнерінің тағы бір көне үлгісі – ХІХ ғасыр балетінің негізгі реформаторы Пьер Лакотт хореографиясындағы Ц. Пунидің «Перғауынның қызы» балетінен па-де-де көрсетті.

Әртістеріміздің шеберлігі де абыройымызды асқақтатты. «How long is now» спектаклінен Айгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов орындаған дуэт зор қошеметке бөленді. Неміс хореографы Раймондо Ребектің «Астана Опера» театры үшін арнайы қойған, жаңа балеті жан табиғатын ашуға тырысқан.

«Астана Балет» Театры» заманауи екі балеттің үзіндісін көрсетті. Уильям Форсайттың «In the middle somewhat elevated» – зхаманауи балет классикасына айналған. Алайда, «импровизации технологиясын» жете меңгерген әлем труппалары некен-саяқ. Театрдың жетекші солисттері Айнұр Әбілғазина мен Фархат Бөриев бұл спектакльде ең басынан, репертуарға алынған күнінен бастап өнер көрсетеді. Сахнаға шыққан сайын, олар импровизация әлеміне шомып, түрлі иірім-өрнектерін паш етіп келеді. Әр кезде әрқалай шығады. Сюжет болмағанымен, көрермен бұл балетті ұнатады. Қойылым соңында, қошемет білдіріп, ұзақ уақыт қол шапалақтап, әртістерге құрметін білдіреді.

«Астана Балет» жетекші солисті Илья Манаенков пен театр солисті Марина Қадырқұлова Рикардо Амарантенің Эдит Пиаф құрметіне шығарған «Love Fear Loss» балетінде жарқырап көрінді.

Берлин мемлекеттік балетінің солисттері Мариан Вальтер мен Иоланда Карреа Р. Ребектің Арво Пярт музыкасына қойған «Элегия» қойылымын көрсетті. Дегенмен, ол әсерлі шыға қоймады. Сахнада әртістер бірін-бірі сезіне алмаса керек, сол себепті, нәзік хореографиядан құралған элегия шықпай қалды.

Ал, отандық және әлемдік балет көш басшысы Бақтияр Адамжан сахнаға шыққанда зал дүр сілкінді. Берлин театрының солисті Эвелина Годуновамен бірлесе отырып, екеуі классикалық дуэт орындады: А. Аданның «Корсар» және Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті. Мінсіз техника мен шеберлікті талап ететін па-де-де әртістердің орындауында таза әрі бейқам орындалып ғана қойған жоқ, олардың артистизмі көрермен қауымға шабыт бітірді!

Әлемдік балет жұлдыздарының ақырғы дефилесінен кейін көрермен қауым орнынан тұрып, қошемет білдірді. Гала-концерт соңы феерияға ұласты!

III Еуразиялық балет өнерінің фестивалі жыл өткен сайын қарқын алып, астанамыздың мәдени тынысындағы жарқын құбылысқа айналып келеді.

Фестиваль аяқталды, алайда, көрермендер келесі фестивальді асыға күтері анық. Себебі, мұнда тағы да жаңа есімдер, тың қойылымдар паш етілмек.