Прага Ұлттық театры үш бір актілі балеттен тұратын «Славян темпераменті» камералық бағдарламасын тарту етті.
«Думка»
Көптеген театрлар секілді, Прага ұлттық театры да жаңа балетмейстерлердің есімін ашуға әуес. Театр жанынан шығармашылық зертхана ашылған. Мұнда әртістер өздерін хореограф ретінде танытып, өз туындыларын жария етуге мүмкіндік алады. Солардың ішінде, ауыз толтырып айтарлығы - О. Винклеттің «Думкасы».
«Мен оған толық еркіндік бердім. Бір ғана талабым славян тақырыбын қозғау еді», - дейді, балет труппасының жетекшісі.
Өте дарынды биші мың бұралып билеп ғана қоймайды, түрлі аспаптарында ойнап, музыка да шығарады. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысыңды сақтау – өз келбетіңді сақтаумен бір. Спектакль кейіпкерінің өз бет-әлпетіне бажайлай қарайтын себебі де осы. Спектакль сценографиясы қарапайым, сонымен бірге, тапқыр жасалған. Құрамы ерекше әйнектен жасалған алты айна сахна ортасына орнатылған. Басында қағазбен қапталып тұрғандықтан, әйнек сыртындағы бишілердің сұлбасы да қарауытып көрінеді.
Аз-аздан қағазды жұла отырып, кейіпкер өзіне зейін қоятындай. Өзінің естеліктеріне үңіліп, уақыт өрмегін, ұмытшақтық зеңін тазартып, өзінің тамырын, балалық шағын еске түсіруге тырысады. Бұл естеліктері әйнек сыртында бой көтереді. Жарықты ойнату тәсілінің арқасында біз әйнек сыртындағы да, оның бер жағындағы да бишілерді көре аламыз.
«Аспекттер»
Катаржина Козельска есімді поляк хореографы әсіре данышпансымай, басынан өткен уақиғаны баяндайды. «Аспекттер» спектакліндегі қос кейіпкер – оның тұлғасының екі бастауы, яғни, биші мен хореограф. Әйтсе де, кейіпкердің қоршап шығатын, қолдарындла айна бар бишілердің есепке алсақ, мұндағы астар бұдан да көп. Оларға қарап, ішінен біреуін таңдап алады. Осы жол оның шығармашылық жолының бастауына айналды.
Хореограф бишілерді пуантаға тұрғызғанымен, башпай техникасын заманауи би қимылдарымен үйлестіре білген. Адам тәні түстес костюмдер идеясы Катаржина Козельска мен Сесиль Баранкевичке тиесілі. Хореографиясы өте көркем. Сірә, бұл жерден ерекше бір мағына іздеудің де өзі артық шығар, себебі, тән пластикасы жеке-дара көз тартарлық. Қимыл үшін қимылдау – мұның соңы әсем болуы ықтимал!
«Perfect examplе»
Кеш соңында, тағы бір өз ішіңе бойлаудың көрінісіне куә болдық. Қоршаған ортасына да хореограф Андрей Кайдановкий «Perfect examplе» («Үздік мысал») спектаклінде қатаң әрі қатал баға береді.
Андрей Кайдановский өз спектаклінде «кемел қоғам» мысалын келтіреді. Мұндағы дулыға-бандаж киген роботтар жоғары серпінді тоқтың күшімен басқаруға икемді. Өзіңді дұрыс ұстасаң – қолпаштауға ие боласың, қалыптан ауытқысаң – тоқпен ұрады. Славян идеясы жайлы чех тілінде айтылғанымен, оны түсінудің қажеті шамалы. Кез-келген идея күшімен мәңгүрттендіру саясаты жүре береді. Мейлі, бұл «америкалық ұлы арман» болсын, мейлі, ұлттық идея болсын. Спектакль соңында бишілер дулыға-бандаждарын шешеді, демек, үміт жоқ емес.
Прага балет труппасы кәсіби деңгейін көрсетіп, өзекті, көкейкесті бағдарламасын паш етіп, біздің көрермен үшін қазіргі жаңа хореографтардың есімдерін жария етті.