21/05/2019

Eurasian Dance Festival: шегі жоқ өнер

Биыл жазда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Eurasian Dance Festival» III халықаралық балет фестивалінде әлемдік классика жауһарлары, халық шығармашылығы мен қазіргі заманның белді хореографтары қойған соңғы премьералар көрермен назарына тарту етілмек. қолдауымен өтетін шараны «Астана Балет» театрының сахнасында, маусымның 4-16 аралығында тамашалауға болады.

Меймандардың ішінде Берлин, Прага, Токио, Санкт-Петербор, Киев пен Астананың әйгілі театрлары мен би ұжымдары бар. Осындай салтанатты би шеруінің өлшемін айқындау, оған баға беру мүмкін емес. Барлық балеттер өзіндік ажарымен, тылсым сымбатымен ерекше. Бұл туындыларды қазақстандық көрермен алғаш тамашаламақ. Консерваторлар мен авангардты жақтаушылар тағы да ағынан жарылып, өнерін паш етпек. Бәлкім, пікірталас та орын алар. Әйтсе де, ең бастысы, мұндай би ғаламаты ешкімді бей-жай қалдыра қоймас.

Фестиваль 4-маусымда «Астана Балет» театрының өткен маусымдағы премьерасы – отандық хореограф Мукарам Авахри қойған «Саломея» балетімен ашылмақ. Оның хореографиясы мен көркемдік тұжырымдамасы Оскар Уайльдтың осы аттас пьесасына негізделген. Әйгілі жазушы жас патшайым Саломея мен Иоанн пайғамбар туралы көне библиялық сюжетті өзінше тәпсірлеп, адам баласының пендәуи болмысын ашады. Түрлі би техникаларын жетік меңгерген театр әртістері балетмейстердің батыл хореографиялық идеяларын жүзеге асыра алды. Түрік композиторы Фазыл Сайдың жан тебірентер музыкасы, Денис Солнцевтың жарықты қолдану тәсілі осы байырғы әпсанаға жаңа, заманауи рең бергендей. «Саломеядан» бөлек, неміс хореографы Раймондо Ребектің теарға тарту еткен «Өткенге саяхат» бір актілі балеті де көрсетілмекші.

Ал, 6-маусымда сахнада Павел Вирский атындағы Украина ұлттық би ансамблі өнер көрсетеді. 1937 жылы құрылған ұжым күллі әлем көрермендері мен сыншыларының назарын өзіне аударта білді. Украин халқының мұрасын жинақтап, оны сақтап келген ұжым ансамбль биінің дәстүріне берік. Жалпы, украин билері үшін көпшілік би сахналары мен осы халыққа тән думаншылық тән. Сахна костюмдері де өте көркем. «Тағдыр іспетті би» деп аталатын бағдарламаға Павел Вирский мен оның мұрагері Мирослав Вантухтың үздік билері еніп отыр: «Повзунец», «Гопак», «Запорожцы», «Матросы», «Шие ағашының түбінде», «Апалы-сіңілілі» және т.б. Бұл бағдарламаны тамашалай отырып, украин халқына тән думаншылық пен нәзік лирика, шынайы әзілге қанық боласыз.

Жапон халықаралық балет компаниясы (JIBC) «Пері» және «Zero body» балеттерін 10-маусымда көрсетеді. Жапон дәстүрлі бишілері мен ұлттық фәлсәфа қуатын біріктіре отырып, бірегей өнер туындыларын жасау арқылы олардың шығармашылық келбеті қалыптасты. Классикалық балетке жапон дәстүрін сіңіру – эксперимент. Бір қызығы, театрдың көркемдік жетекшісі, қазіргі заманның танымал бишісі Владимир Малахов.

Мариин театры премьерлерінің «Dance. Dance. Dance» жобасы фестивальдің 12-маусымдағы бағдарламасында көрермен назарына ұсынылады. Балет әлемінде «би серілері» атанған Игорь Колб, Данила Корсунцев пен Евгений Иванченко үш авторлық бір актілі балетте өздерінің актерлік әрі бишілік қабілетін паш етпек. Данила Корсунцев Алексей Буськоның П.И.Чайковскийдің музыкасына қойылған «Үзілген самғау» балетінде Мариин театрының солисттері Андрей Ермаков, Алексей Турко мен Борис Эйфман балет театрының прима-балеринасы Ниноц Змиевецпен бірге өнер көрсетеді. Д.Корсунцев бұл балетте орындаушы әрі идея мен либретто авторы.

Евгений Иванченко мен Мариин театры балетінің солисті Рената Шакирова кездейсоқ лифтте ұшырасқан екі жанның оқиғасын баяндайды. Қирап қалған лифттің ішіндегі екеу – біріне-бірі ғашық болып қалады. Бах, Хачатурян және 1960-шы жылдардағы джаз импровизацияларына қойылған балеттің аты да «Лифт».

Жоба бастамашысы әрі дем берушісі Игорь Колб, кәсіби шыңдардың бәрін бағындырған биші. Оның тең авторы - хореограф Александр Челидзе. Олардың «No name» немесе «Таза парақ» атты балеті – үнсіздіктен шаршаған әртіс жаны өз көрерменімен тәнімен ғана емес, ауызша да тілдесетін балет-монолог.

14-маусым – Чех ұлттық балеті «Славян темпераменті» бағдарламасын тарту етеді. Үш бір актілі балет ортақ мәдени және тарихи ұлттық мұрамен біріктірілген. Үш суреткер-хореограф, дербес пластикалық тілі, өзіне тән ұстынымы қалыптасқан үш дарын иесі: Катаржина Козельская, Андрей Кайдановский және Ондржей Винклат. Катаржина Козельскаяның ASPECTS (Аспекттер) қойылымы батыс композиторларының музыкасының сүйемелдеуімен пуанта киген әйел биін көрсеткенімен, осы тектес классикалық стильге еш ұқсамайды. Ол үшін пуанта үйлесім мен хаос арасындағы тепе-теңдік метафорасы іспетті. Жас дарын, ғажайып биші әрі музыкант Ондржей Винклат - «DUMKA» балетінде А. Дворжактың академиялық музыкасын қолданғанымен, динамикалы, алдын болжап білмейтін, түйсік арқылы орындалатын қимыл шеруін паш етті. «PERFECT EXAMPLЕ» (Үздік мысал) атты үшінші балет - заманауи хореография жемісі. Әлемге әйгілі хореограф Андрей Кайдановский тұжырымдамалық эксперимент жанрында да өзін сынап жүр.

15-маусымда «Астана Опера» театры өз сахнасында «Жизель» балетінің премьерасын өткізеді. Сюжет – виллистар жайлы аңызға құралған. Бұл – сүйіктілері көзіне шөп салған, алданып қалғандықтан құсадан көз жұмған қыздардың елесі. Түнде, көрінен көтерілген виллистар қыршыннан қиылған өмірлері үшін кек алады. Алдына кездескен ер адамды биге шақырып, ажал құштырады. Француз әдебиетшісі Теофиль Готье олар жайлы неміс романтигі Генрих Гейненің әңгімесінен оқып, танысады. Сценарист Жюль Сен-Жоржбен бірлесе отырып, санаулы күннің ішінде «Жизельдің» сюжетін ойлап табады. Үш апта ішінде Адольф Адан музыкалық партитураны жазып, айтулы Жан Коралли мен жас Жюль Перро хореографиясын шығарған. «Жизели» спектаклінің премьерасы 1841 жылы Париждің Гранд-Операсында өтеді. Жан тебірентер оқиға мен оның хореографиялық көрінісі балеттің ғажайып болашағын айшықтап бергендей.

16-маусымда «Астана Балет» театрының сахнасында фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі мен Әлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті өтеді. Гала-концерт – би ғаламаты, оның барысында әлемнің аңызға айналған бишілері мен балериналары кәдімгі «шеберлік сыныптарын» өткізеді. Кеш бағдарламасы дәстүрлі болғанымен, күтпеген тосын сыйлары да баршылық: әйгілі классикалық балеттердің үзінділері мен жаңашыл ізденістер көрсетіледі. Шақырылған меймандардың ішінде: Леонид Сарафанов (Михайлов театры, Санкт-Петербор), Бақтияр Адамжан мен Айгерім Бекетаева («Астана Опера» театры), Әлия Танықбаева (Мажарстан ұлттық балеті), Мариан Вальтер, Эвелина Годунова мен Иоланда Корреа Фриас (Берлин мемлекеттік балеті), сонымен қатар, «Астана Балет» театрының жетекші солисттері бар.