29-30 қыркүйек күні «Астана Балет» өз көрермендерін «Саломея» және «Серенада» қойылымдарымен қуантпақ.
Балетті қоюға түрткі болған, ағылшын драматургі Оскар Уайльдтің интерпретациясындағы библия сюжеті пәк сезімнің жарқын әлеміне жетелейді. Бұл көне әпсана би тілімен жеткізіліп, соның арқасында заманауи реңге бөленбек. Мүлдем бос деуге тұрарлық сахна кеңістігін музыка ырғағы (композитор Фазил Сай) толтырып, бишілердің тәніне қуат бітіргендей болады. Бас кейіпкерлердің күрделі бейнелерінің арқасында, көрермен қауым адам жанының құпиясына бойлап қана қоймай, бәлкім, әрқайсысы өзінің сырына үңілуге мүмкіндік алады. Балетмейстер Мукарам Авахри зұлымдық пен жақсылықтың күресіне қатысты мәңгі сұрақтар қойып, дегенмен, оларды жауапсыз қалдырады да, әрқайсымызды өз таңдауымызды жасауға шақырады. Спектакльдің шарықтау шыңы – бойжеткен Саломеяның биі. Суретшілер, мүсіншілер мен композиторлардың арқасында оның бейнесі мәңгілікке хатталып қалған болатын.
Ықылым заманнан жалғасып жатқандай, махаббат - жалғыз ғана ағартушы күш болып қала бермек. Анығын айтқанда, оның сыйлаған үміті мен уәдесі.
Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті ХХ ғасырдың алтын қорына енген. Өз жаңашылдығын Дж. Баланчин орыс хореографының америкалық балеті «Серенадада» көрсетті. Баланчин қойылымында сахна минимализмі басым: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» театрының әртістері өздері үшін де тың хореографияда әсем де асқақ биді, пластикалық суреттің нақтылығын паш етіп, неоклассика шедевріне жан бітірді.
«Серенада» спектаклі «Астана балет» театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалды.
Қосымша: «Саломея» спектаклі музыкасының авторы – Фазил Сай, көркемдік тұжырымдамасы мен хореографиясы – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахридікі, сценография және костюмдері - Ольга Шаишмелашвилидікі, жарықпен безендірген – Денис Солнцев.
«Серенада» спектаклі музыкасының авторы – Петр Ильич Чайковский, хореографиясы – Джордж Баланчиндікі, қоюшы балетмейстері – Виктория Саймон, костюмдерді тіккен Барбара Каринска.