1 мамырда «Астана Балет» сахнасында «Ашық сахна» І республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, соңынан «Жеті қазына» спектаклі көрсетілді. Либретто авторы Мәдина Алданова; композитор Шырын Базарқұлова; хореограф Уәлитбек Сиязбек; сценограф Александра Рычкова. Премьералық көрсетілім қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
«Өнер атаулы адамның сезімін оятып, ойын ұшқыр етіп, тың идеяларға шабыттандыруымен асқақ, сонысымен тартымды. Біз тарихи мұрамызды сақтап, ұлттық тақырыптағы спектакльдер шығаруға күш салып келеміз. Сол себепті, «Жеті қазына» спектаклі біз үшін өте құнды. Оның ерекше болатын тағы бір себебі, бұл «Ашық сахна» І республикалық байқауының жеңімпаздары сахналаған дүние. Бұл – еліміздің театр өнеріндегі жаңа есімдер. Қойылым көрермен көкейінен шыққанына сенімдімін. Осы күнді асыға күттік», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
«Бұл тақырыптың ауқымы кең. Бірақ, ол осы күнге дейін балетте көрініс таппады. «Жеті қазына» балетінде бас кейіпкер тұлға болып қалыптасу, есею кезеңінен өтіп, бойындағы үрейін, әлсіздігін жеңіп, жанында серігі – жан жарымен бірге шашырап кеткен қазынаны жинайды. Сыңарымен бірлескен соң ғана ол Шаңырақты қалпына келтіре алды. Шаңырақты біз адам баласының жолына сәуле түсіретін Күн бейнесінде суреттедік», - деді либретто авторы Мәдина Алданова.
Астаналық театр тың, бірегей идеяларды іздеп, оны жүзеге асырып, хореография өнеріндегі жаңа есімдерді көпшілікке паш етуге күш салып жүргенін атап өткен жөн. Жаңа спектакль осының тағы бір дәлелі болса керек.
«Жұмыс барысында мен либретто мен музыкадан шабыт алдым. Бұл спектакльде нақты бір стиль жоқ деуге болады. Бұл бірнеше би бағыттарының синтезі. Халық биі мен классикалық қимылдар, арасында, бәлкім, өзім тапқан дүниелер бар. Себебі, әр кейіпкердің пластикалық келбетін ашуға тырыстым. Әр кейіпкер өзінше дара, бірегей. Шығармашылық ізденістен ләззат алдым десем артық емес. Бұл – мен қойған тұңғыш балет болғанымен, жалпы, би саласындағы алғашқы еңбегім емес», - дейді Уәлитек Сиязбек.
Жаңа қойылымның жетекші партияларын «Астана Балет» театрының әртістері сомдады: Ер жігіт – жетекші солист Сүндет Сұлтанов; Ақ жаулық – екінші солист Әлия Айтбаева; Тұлпар – екінші солист Айдан Қалжан; Қыран бүркіт – жетекші солист Назерке Аймұхаметова; Құмай тазы – балет әртісі Аққали Тұрғали.
«Бұл спектакльді отандық қоюшы-авторлар мен орындаушылар қойғаны қуантады. Қойылым тобының мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді: біз үшін өте маңызды тақырыпты қозғаған Мәдина Алдановаға; музыкадағы орасан қуаты үшін Шырын Базарқұловаға; хореографиялық идеясының даралығы үшін Уәлитбек Сиязбекке; сахна декорациясындағы бірегей шешімдер мен тұтас, көркем бейнелер үшін Александра Рычковаға. Дарынды әртістерімізге және «кадрдан тыс» қалғанымен, спектакльге зор үлес қосқан барша адамдарға алғысымды білдіремін. Олардың бәрі өз ісіне адал мамандар. Ұлы көрерменге де тағзым, себебі, оларсыз шығармашылығымыздың мәні болмас еді», - деп түйіндеді ойын театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.