Шілде айының 5, 6, 8 және 9 күндері Астана күніне орай, «Астана Балет» театрында «Орфей мен Эвридика» бір актілі балетінің премьерасы өтеді. Астаналық көрермен назарына Ежелгі Грекия мифінің интерпретациясы ұсынылады. Неоклассика мәнерінде қойылған балеттің модерн белгілері де болады. Қойылым хореографы – Джон Ноймайердің Гамбург балетінің бұрынғы бишісі Кристина Полин.
Бұл балетте хореограф өмірдің мәні жайлы фәлсәфалық сұрақтарға жауап іздеп, махаббат пен адам жанының мәңгілігі жайлы толғанып, махаббат пен өнердің асыл күшін әспеттейді. Ол суреттеген Орфей – жазушы, ал, ғашығы Эвридика – шабыт сыйлар музасы. Қойылым ретроспективадан басталады: монастырьде отырған Орфей марқұм Эвридикамен қайта қауышуды армандайды. Жақыныңнан қол үзу, одан айырылып қалу мәселесі әр көрерменнің жүрегіне қозғау салары даусыз.
«Қасіретті махаббат жайлы осы оқиға ерте заманнан бері суретшілердің, композиторлар мен хореографтардың қызығушылығын оятқан. Мен де осы мифтің ықпалынан арыла алмадым. Орфей дегеніміз «нұр сыйлаушы», яғни, осы нұрдың сәулесі әрқайсымыздың бойымызда бар. Жаңа балетте мен ежелгі грек аңызының желісін алып, белгісіз бір кезеңге ауыстырдым. Мен ұсынған балеттің негізгі тұжырымдамасы сүйікті адамыңнан айырылу қасіретін суреттеу, онсыз өмір сүру мүмкін еместігін көрсету. Сол себепті, бұл балеттің негізгі фәлсәфасы мына қанатты сөзде көрініс тапты: «Кейде тірілердің ортасында өзіңді өлі сезінесің, себебі, олардың арасында саған жан бітіретін тірі жан жоқ», – дейді, қоюшы-хореограф Кристина Полин.
Балетте Сергей Прокофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фридрих Гендель, Дэвидсон Джаконелло сынды композиторлардың әсем әуендері қолданылып, соның арқасында сахнадағы көріністің көркем күші артады. Неміс костюмері Деннис Пешкенің сахналық костюмдерінде осы мифтің символикасы көрініс тапса, чех сценографы Отто Бубеничектің декорациясында тауға ұқсайтын геометриялық бейнелер қолданылады. Сахнадағы көрініс көрерменнің көңілін баурап әкетіп, мың бұралған бишілер ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.
Осы кештің екінші бөлімінде хореография өнеріне тәнті көрермен заманауи би көшбасшысы Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» атты хореографиялық миниатюрасын тамашалай алады. Бұл туындының «Астана Балет» театрындағы премьерасы биыл 1-2 сәуірде өткен болатын. Ақ-қара түсті балеттердің ішіндегі ең танымал туындысын астаналық театр сахнасына ыңғайлаған хореограф – Стефан Жеромски.
«Drumming part 1 композициясы орындау жағынан өте күрделі. Төзімділікті талап етеді. Біз бонго аспабында үзіліссіз 15 минут ойнаймыз. Аспап оркестр орналасатын жерге емес, сахнаның жанына қойылған. Осының арқасында дыбыстың да әсері күшейе түседі. Сөйтіп, көрермен қауымды сахнадағы көрініске елітіп әкетеді», – дейді, театрдың симфониялық оркестрінің музыканты Саят Елеусін.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.