19/09/2022

Дирижер Элмар Бөрібаев «Астана Балет» оркестрімен бірге өнер көрсетеді

«Астана Балет» театры «Music Tour. The way back home» атты концерт өтетінін жариялады. Дирижер пультіне Элмар Бөрібаев отырады. Театрдың симфониялық оркестрінің Музыка күніне арналған концерті 1-қазанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтпекші. 

Өткен театр маусымында тұсауы кесілген оркестрдің шығармашылық жоспарлары орасан. Бір жағынан репертуар мен көрсетілім географиясын кеңейту, ал, ең бастысы – музыкаға әуес жұртшылықты болашағынан үміт күттірер, жас әрі тәжірибелі солисттер және дирижерлермен таныстыру.

«Бірлескен концертімізді астаналық көрермен назарына ұсыну мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. «Астана Балет» театрының жас оркестрінің кәсіби біліктілігі өте жоғары. Биік шығармашылық белестерді бағындырары сөзсіз. Тыңдармандарымызға біз Дебюссидің «Ай сәулесін», И.Штраустың «Кайзер вальсін», Хачатурянның «Лезгинкасын», Р.Вагнердің «Лоэнгрин» операсын, Элгардың «Энигмасын» тарту етпекшіміз. Тыңдарман қауым француздың арманшыл әуенін, вена вальсін, лезгинка ырғағын сезініп, ортағасырлық Германияның ауылындағы тойға жиналған меймандар мен сарбаздарды тамашалап, өзін ағылшын ақсүйектерінің ортасында жүргендей елестете алады. Бұдан бөлек А.Бестібаевтың «Азия дауысы» туындысы мен Б.Сметананың «Комедианттар биі» де бар. Алғашқысы салтанатты шеру ырғағында шығарылса, екіншісі чех ауылындағы мерекені суреттейді. Н.Римский-Корсаковтың «Испан каприччиосы» бізді Пиреней түбегіне ертіп барса, әзірбайжандық композитор А.Меликовтың «Махаббат туралы дастан» балетіндегі «Адажиосы» қос ғашықтың албырт сезімін әйгілейді. Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі «Татарлар шапқыншылығы» адуынды музыка ырғағында шығарылған. Ал, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы «Тойдағы би» туындысындағы көңілді әуенмен музыкалық саяхатымызды аяқтаймыз», - дейді Элмар Бөрібаев.

Жас дирижер мен «Астана Балет» симфониялық оркестрінің шығармашылық ынтымағынан туындаған концертті қалың көпшілік жылы қабылдайтыны даусыз. Тыңдарман қауым қайталанбас атмосфераны сезініп, тың сезімге куә болады деген сенімдеміз.

«1-қазан – дүниежүзі музыканттары үшін зор мереке. «Астана Балет» көрермендерімен осы мерекелік көңіл-күйімізбен бөліскіміз келді. Осы тектес концерт дәстүрге айналып, болашақта классикалық музыкаға әуес жандардың қатары көбейе түседі деген үміттеміз. Концерттің атауы ағылшын тілінен аударғанда «Музыкалық саяхат. Үйге оралу.» дегенді білдіреді. Бұл атау өзін ақтап тұр. Себебі, тыңдармен қауым оркестр әртістерімен бірге Еуропадан кең-байтақ Қазастанымызға саяхат құрады. Жас ұжымымыз жаңа дирижерді ыстық ықыласпен қарсы алды. Жас та болса, бас болып жүрген дирижеріміз өз елімізде ғана емес, Еуропада да өзін сауатты маман ретінде мойындата білді. Театрымыздағы премьерасы сәтті өтуіне тілектеспіз», - деді бас дирижер Арман Оразғалиев.

Элмар Бөрібаев – қазақстандық классикалық музыка саласындағы жаңа есім. Румыниядағы опералық-симфониялық дирижерлер конкурсының дипломанты. Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясын және «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын» аяқтады. Болгария, Румыния, Италия елдерінің оркестрлерінде дирижер қызметін атқарған. 2022 жылы Дж.Пуччинидің «Богема» операсымен Манчинелли театрында (Орвието, Италия) дебюті өтті.