9-қыркүйекте «Астана Балет» театры Х мерейтойлық маусымын ашады. Астаналық театрдың сан-алуан репертуары мен ғаламат әртістері көрермен көзайымына айналды. Өткен маусым да өте ерекше болды. Ал, жаңа шығармашылық жылда театр көрермен қауымды несімен селт еткізер екен? Жаңа маусым да, былтырғы маусымдай, өте мазмұнды әрі қызықты оқиғаларға толы болмақшы, деді театр директоры Александр Совостьянов.
– Александр Александрович, биыл «Астана Балет» театры 10 жылдығын атап өтпекші. Театрдың қазіргі жай-күйі қалай?
– «Астана Балет» театры еліміздің жетекші хореографиялық ұжымдарының бірі. Түрлі жанрдағы бірегей репертуарымыз әлемдік және отандық классика туындыларымен, біртуар хореографиялық қойылымдармен толысып келеді. Сонымен бірге, театрымыздың жеке симфониялық оркестрі бар. Гастрольдік-концерттік қызметіміз де орасан. Қазақстан ішінде ғана емес, шет елдерде жиі өнер көрсетеміз.
Біздің театр өз ісіне адал, бізде жұмыс істейтін мамандардың бәрі нағыз дарын иелері. Біздің театр жыл өткен сайын әлемдік хореография кеңістігіне танылып келеді. Биыл мерейтойымызды атап өтпекшіміз. Алға қойған тың шығармашылық жоспарларымыз бен көркемдік міндеттеріміз өте көп.
– Жаңа театр маусымын қандай спектакльмен ашпақшысыз?
– Жақын арада мерейтойлық маусымымыздың шымылдығы түріледі. Көрермен назарына «Жібек жолы» спектаклін көрсетеміз. Оның премьерасы өткен маусымның шымылдығын жапты. Әртістер мен музыканттар көрермен қауыммен қауышар сәтті асыға күтіп жүр. Ал, 24-25 қыркүйекте – шақырылған солист Жания Әубәкірованың қатысуымен, симфониялық оркестрдің «Есімдер» атты концерті өтеді.
– Осы мауымда қандай премьералар өткізуді жоспарлап отырсыз?
– 2022 жылдың аяғына дейін екі ғаламат спектакльдің премьерасын өткізбекшіміз.
Хореограф Альберто Алонсоның бір актілі «Кармен-сюита» балетінің премьерасы болмақшы. Ол Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде қойылып, композитор Родион Щедрин осы қойылымға арнап оркестр туындысын шығарған болатын. Бұл балеттің сахналық өмірі оңай болған жоқ. Бірақ, осы күні бұл туынды дүниежүзінде қойылып, орындалып келеді. Көрермендеріміз біздің ғажайып әртістеріміздің орындауында осы спектаклді тамашалап, рухани ләззат аларына сенімдіміз.
Сонымен бірге, Ганс Христиан Андерсеннің танымал ертегісінің бірінің желісімен қойылған, бүкіл отбасымен бірге тамашалауға арналған «Қар патшайымы» балетінің премьерасы да өтпекші. Балетмейстері – Георгий Ковтун. Ол театрымыздың сахнасында «Вальпургий түні» және «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеттерін қойған болатын.
Директордың айтуынша, театрдың гастрольдік сапарлары да көп болмақ. Театр репертуарындағы спектакльдер Қазақстанда ғана емес, шет елдік сахналарда да көрсетуге тұрарлық.
– Жаңа театр маусымының алдында көрермен қауымға айтар тілегіңіз қандай?
– Әрине, бәрінің театрға келгенін қалаймын. Сізге ұнамайтындай көрінсе де, ең болмаса, бір рет келіп көріңіз. Біздің спектакльдер сан-алуан. Сондықтан, көңіліңізден шығатын «өз» спектакліңізді, «өз» әртістеріңіз бен хореографыңызды табарыңызға бек сенімдіміз. Келіңіздер! Сіздерге ұнайтыны анық. Біз де көңіліңізден шығу үшін еңбек етеміз.