14-шілдеде «Астана Балет» театрының мерейтойына орай, елордамыздың мәдени өмірінің тынысын ашатын Astana Ballet Gala концерті көрсетіледі. Бағдарлама Театрдың 10 жылдық тарихында сахналанған үздік қойылымдардың үзінділерінен құралған.
«Біздің театрымыз – Қазақстан өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген дарынды әртістердің, хореографтардың, ұстаздардың өз көркем ойларын жүзеге асыратын киелі ордасы. Біздің негізгі мақсатымыз – көпшіліктің көңілінен шығатын бағдарламаны паш ету. Мұнда өнер атаулыға құштарлығымыз, махаббатымыз көрініс тауып, әртістеріміздің талантына да куә бола аласыз. Біз театр өнерін сүйер қауымның көкейінен шығу үшін әр детальге мұқият көңіл аударамыз. Мерейтойымызды мерекелеуге баршаңызды шақырамыз», – дейді театр директоры Александр Совостьянов.
Мерекелік кеш бағдарламасының аясында «Астана Балет» театрының үздік қойылымдарынан, атап айтқанда: «Корсар», «Спартак», «Кармен-сюита», «Махаббат туралы аңыз» және тағы басқа айтулы классикалық және неоклассикалық спектакльдерінен; бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity», «Love Fear Loss», «A Fuego Lento» туындыларынан; авторлық және ұлттық балеттерден үзінділер көріп; сонымен қатар, «Шығыс рапсодиясы» және «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына енген хореографиялық миниатюраларды тамашалай аласыз. Бұған қоса, маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы композицияларды тыңдай аласыз.
«Театрымыздың тарихы – соңғы он жылдағы отандық хореография өнерінің даму жылнамасы. Мерейтойлық Astana Ballet Gala бағдарламасы театрымыз үшін маңызы орасан бағдарлама. Себебі, бұл біздің бірегей әрі әсем шығамрашылығымыздың үлгісі іспетті. Осы он жыл ішінде сахналанған үздік туындыларымыздан үзінділер көрсетіп, көрермен қауымға ұмытылмас эмоция сыйлауды мақсат етіп қойдық», – деген ойымен бөлісті, хореограф Айгүл Тәти.
Astana Ballet Gala – орындаушылық техника мен музыка үйлесім тапқан нағыз өнер туындысы екенін атап өткен жөн.
«Бұл бағдарлама он жылдық тәжірибеміздің, барша әртістер, хореографтар, ұстаздар, театр қызметкерлерінің ерен еңбегі мен талантының көрінісі. Осы Gala бағдарламасы театрымыздың бейне бір рухани мұрасы, алған асуымыздың айқын үлгісі іспетті. Осы бағдарламаны дайындау барысында бар қажыр-қайратымызды, асыл уақытымыз бен күш-қуатымызды жұмсадық. Көрермен қауымды ғажайып хореография мен музыкадан рухани ләззат алып, өнер кеңістігіне шомуға шақырамыз. Мерейлі театр маусымы – біздің жеңісіміздің, жеткен жетістігіміздің айқын көрінісі ғой. Қалың көпшілікпен осы қуанышымызбен бөліспекшіміз», – деп ойын қорытты театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.