18 наурызда Ұлттық киім күнін мерекелеу аясында «Astana Ballet» театры сұлулыққа бөленгісі келетіндердің барлығына есігін айқара ашты. Ашық есік күнінде елордалық театр көрермендерді қазақтың ұлттық дәстүрлері мен әдет - ғұрыптарының атмосферасына бөлеу мақсатында балет әртістерінің қатысуымен театр холлында керемет іс-шара-перфоманс ұсынды.
"Біз арнайы көрермендерімізге ұлттық киімдердің тарихы мен олардың шынайы үлгілерін көзбен көру үшін бүгінгі ашық есік күнін ұйымдастырдық. Бұл көрермендер залында қатты байқала бермейтін декорацияларды, ерекше кестелерді, зергерлік бұйымдарды және тамаша қойылым дайындаған әртістерімізді жақыннан көруге тамаша мүмкіндік болды. Бізде көптеген ұлттық қойылымдар мен хореографиялық миниатюралар бар, және осы кеш үшін біз ерекше сұлулық пен терең мағынаны үйлестірген бай репертуарымыздың үздіктерін таңдап алдық. Ұлттық киім күні бойымыздағы патриоттық сезімдерімізді оятуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын", - деп театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов ойымен бөлісті.
Кеш бағдарламасына этнографиялық элементтер мен заманауи балетмейстерлік шешімдерді үйлесімді үйлестіретін "Ұлы Дала мұрасы" концерттік бағдарламасының үздік үзінділері кірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Татидің әрбір хореографиялық миниатюрасы – жарқын бейнелерге, қызықты драматургия мен есте қаларлық әуендерге толы таңғаларлық шағын спектакль. Кеште "Жыл мезгілдері", "Арулар", "Кербез сұлу", "Қуанамын", "Нұршашу", "Ата толғау", "Ұлы дала", "Отырар", "Әсем қоңыр", "Ақ жол" және тағы басқа хореографиялық миниатюралар ұсынылды.
"Қойылымға дейін көрермендер біздің ата-бабаларымыз күнделікті және арнайы күндері киген киімдерінінің терең мағынаға толы әсемдігін жақыннан көріп, тамашалай алды. Ал, ұлттық бағдарламадан ұсынылған үзінділер би дәстүрлері, ұлттық киімдердің тарихы мен қазақ мәдениетіндегі маңызды бейнелер жайында айтуға мүмкіндік берді. Біз бұл іс-шараның қонақтарымыздың көңілінен шыққанына өте қуаныштымыз", - деді балет әртісі Мұхтархан Болатхан.
Наурызнама мейрамдарын тойлауға арналған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.