Ұлттық бидің сан қыры көрініс тапқан концерт
Республика күніне орай, «Астана Балет» сахнасында Театр репертуарындағы ұлттық би жауһарларынан құралған «Ұлы дала мұрасы» концерті мен «Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті.
«Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы Театр мақтанышы деуге тұрарлық. Оны қазақстандық және шет елдік хореографтар дайындаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти шығарған миниатюралар осы концерттік бағдарламаның ажарын ашып тұр. Онда халқымыздың тұрмысы мен болмысы, терең ойы мен сезімдері, эстетикалық көзқарастары мен сұлулығы көрініс тапқан. Айгүл Тәти шығармашылықта өз жолын тауып, қойылымдары арқылы өзінің болмысын көрсетіп қана қоймады, қоюшы-балетмейстердің әр биі дара, бай ұлттық мәдениеттің өзіндік ерекшелігін паш етті. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасының хореографиялық миниатюраларын Франция, Ресей, Италия, Австрия, Монако, Бельгия, Мажарстан, АҚШ, Жапония, Қытай, Корея және басқа елдердің көрермен қауымы тамашалады. Линкольн орталығының (Нью-Йорк), Palais des congrès de Paris (Париж), Grimaldi Forum (Монте-Карло), Tokyo Bunka Kaikan (Токио), Мариинский және Михайловский театрының (Санкт-Петербург), Teatr Wielki – Opera Narodowa (Варшава) және басқа да белді сахналарда бұл бағдарлама толығымен немесе кей билері бөлек-бөлек көрсетілген болатын.
«Астана Балет» театрында заманауи сахналық халық биіне ерекше көңіл бөлінеді. Сан қырлы, жарқын, орасан күш-қуатқа ие халық биі – бидің барлық бағыттарының, соның ішінде классиканың атасы. Қазақтың өзіндік би мәдениетінің көп ғасырлық тарихы бар. Би бейнелері арқылы халқымыз тұрмыс ерекшеліктері мен әдет-ғұрыпты, негізгі кәсіп мен дәстүрді суреттеп, ата-бабамыздың мұрасын сақтап, би өрнегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасында мықты, батыл және епті жігіттер, нәзік әрі әсем қыздар, рухы биік және өзіне сенімді, отбасының қамқоршылары туралы хореографиялық миниатюралар енген. Жарқын, түрлі күйге бөлейтін билер ел ішінде де, одан тыс жерлерде де көрермен қошеметіне ие. Театр репертуарындағы ұлттық билер шоқжұлдызы ауыз толтырып айтарлықтай – 80 жуық миниатюра. Бұл түрік және татар билері, эвенк және қытай, малайзиялық және үнді, саха, корей және басқалары. Хореографиялық миниатюралар тізімінің үштен екісі – қазақ билері.
«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасындағы мерекелік көңіл-күй барынша көрініс тапты. Балетмейстер мен орындаушының жаны бейнеленген, бай әрі мазмұнды хореографиясы бар билер залда ерекше атмосфера тудырды. Әдемі хореографиялық мереке көрерменді халық дәстүрі, әдет-ғұрпымен байланыстыратын «көпір» іспетті болды. Евгений Брусиловский мен Ренат Салаватовтың музыкасына қойылған «Нұр шашу» биі елімізде әлі күнге дейін сақталып, «шашу» ғұрпына деген құрмет секілді. Дина Нұрпейісованың музыкасына қойылған «Әсем қоңыр» – Ұлы Дала әйелдерін жырға қосады. Еділ Құсайыновтың өңдеуінде қазақ халық музыкасына қойылған «Ақ қыз» хореографиялық миниатюрасында қыздың сұлулығы мен нәзік жаны би өрнегімен өрілген. «Тәңір сыйы - Ақ жол» – жаратылыс атаулының иесі Тәңір мен Ұмай ананың табиғат күштерін (от, су, жер, ауа) біріктіре отырып, адам баласына өмір сыйлағаны жайлы аңызды суреттейді. Сонымен бірге, «Ғажайып табиғат», «Ата толғауы», «Балбырауын», «Ұлы Дала» және басқа да хореографиялық миниатюралар орындалды.
«Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасының алғаш орындалуы кезінде көрермен қауым кең-байтақ даламызды көргендей болды. Тәттімбеттің күйіне қойылған «Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасы қоюшы-балетмейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайратері Айгүл Тәти, әсем костюмдерін дайындаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Жұмағалиев, күйді өңдеп, музыкалық мастерингін жасаған – Ренат Ғайсин, жарық суретшісі – Алексей Марков, көзтартар бейнеқатарын дайындаған – Марат Сағадинов. Шоқан Уәлиханов байтақ дала – шетсіз-шексіз, еркін кеңістік екенін, қазақ үшін табиғи ортасы екенін жазғаны туралы қоюшы-балетмейстер өз сөзінде атап өтті. Тәттімбеттің күйінен Ұлы Даланың көне әрі терең даналығын танимыз. Күйшінің ұлан-байтақ даламыздың сұлулығын суреттеген күйлеріне лиризм тән. Даланың жарқын әрі сырлы табиғаты тіршілік атаулының қуат көзі. «Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасы ұлан-ғайыр даламыздың табиғатын суреттеуге арналған. Көрермен қауым хореографиялық миниатюраны зор қошеметпен қабыл алды.