«Астана Балет» Театры көрермен көзайымына айналған спектакльдер мен жаңа туындыларын паш етіп келеді. 14-қарашада көрермен назарына «Саломея» және «Longing» атты екі бір актілі балет тарту етілмек.
Ағылшын драматургі Оскар Уайльд тәпсірлеген көне библиялық әпсана «Саломея» балетін шығаруға түрткі болып, албырт сезім әлеміне шомуға мұрша береді. Бағзы заманғы оқиға екпінді әрі эмоционалды би тілімен баяндалмақ. Мұнда бидің түрлі техникалары қолданылған: пуантамен және жалаңаяқ билеу. Осының өзі балетке заманауи реңк береді.
Музыкалық сүйемелдеу (композитор Фазыл Сай) бос дерлік сахна кеңістігін толтырып, бишілерге тың қуат беретін тәрізді. Бас кейіпкерлердің қарама-қайшылыққа толы бейнелері адам жанының сырлы шымылдығын ашып, бәлкім, олардың арасынан өзіңізді де тануға мүмкіндік береді. Балетмейстер Мукарам Авахри зұлымдық пен жақсылық арасындағы күрес жайлы мәңгілік сұрақтарға бойлағанымен, жауабын әрқайсымыздың талғамымызға қалдырады. Спектакльдің шырқау шегі, бойжеткен Саломеяның биі – суретшілердің, мүсіншілер мен композиторлардың туындыларында көрініс тапқандықтан, жұртшылыққа кең танымал.
Басты партияларды Қазбек Ахмедияров, Дарина Қайрашева, Риза Қанатқызы және Фархад Бөриев орындайды.
Сонымен бірге, көрермендер Рикардо Амарантенің «Longing» атты бір актілі балетін тамашалай алады. Оның премьерасы астаналық театр сахнасында бірнеше апта бұрын өткен. Бұл туындысында хореограф махаббат, ынтық сезім, құштарлық пен жаныңның сыңарын іздеу тақырыбын көтереді. Астор Пьяццолло мен Пабло Циглердің музыкасына неоклассикалық стильде қойылған балетте адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты мәселелердің түйіні тарқатылады.
Спектакльдің басталуы: 14-қараша, сағат 18:00.