«Астана Балет» қазақстандықтарды Конституция күнімен тікелей эфирде құттықтайды. Елордалық театр әртістері мерекелік бағдарламасын ашық аспан астында көрсетпекші. Көрермен назарына, театрымызды әйгілеп тұратын «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті тарту етіледі.
Тікелей эфирді 30-тамызда, сағат 16:00 youtube және инстаграмдағы театрдың ресми парақшаларында тамашалауға болады. Мерекелік концерт бағдарламасында – халық музыкасына қойылған, дәстүріміз бен тарихымызды сипаттайтын көркем хореографиялық миниатюралар, сонымен бірге, ұлттық балеттің үздік үзінділері көрсетіледі.
Бағдарламадағы «Ұлы Дала», «Балбырауын», «Ақ қыз» және өзге де билерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Тәти қойған. Оның шығарған билерінде этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тауып, қазақ ұлттық биін жаңа өрнектермен байытып отырады.
«Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Бұл – ел тұрғындары үшін елеулі күн. Сол себепті, біз, халқымыздың, жалпы, қазақстандықтардың сұлулығы мен әсемдігі, қайсарлығы мен күш-қуаты, өжеттігі мен патриотизмі көрініс тапқан бағдарламаны таңдадық. Осы мереке күні барша отандастарымызға денсаулық, бақыт пен береке тілейміз!» - деген тілегімен бөлісті Айгүл Тәти.
«Астана Балет» Театры бұл бағдарламасын әлемнің үздік театрларының сахналарында көрсеткен болатын: Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және т.б. Эстетика, көз жауын алар әсемдік, жарқын костюмдер мен хореографиялық туындылардың терең мазмұны күллі әлем көрермендерінің жүрегіне терең бойлап, мәңгілік жадында қалады.