14/03/2018

Болашақтың балеті

«Еуразияның жеті пердесі» атты жобаның аясында «Астана Балет» театрының бишілері балет спектаклінен тыс шығып, петерборлық фотосуретші Алексей Кривцовтың объективінде мүлдем басқа қырынан көрінеді. Елордалық театр мен кәсіби фотосуретші арасындағы шығармашылық байланыстың арқасында көрермен қауымның көзінен таса қалатын дүниелер паш етілмек.

Терпсихора өнеріне қызмет ететіндердің көзімен шымылдық сыртындағы әлемге көз жүгірту мүмкіндігі туады. Бұл өнер ордасына қадам басқысы келетіндер мол, алайда, санаулылар ғана бұл босағадан аттай алады деседі.

Жертөле бөлмелері, техникалық қабаттар, декорация сақталатын орын – осының бәрі, би өнері пайда болатын үрдістің үнсіз куәлері іспетті. Зал мен театр дәліздерінің қабырғаларының өзі шығармашылық құпиялары мен күнұзақ шеберлігін ұштап жататын әртістердің эмоциясының сырын сақтап тұр. Көрермен назарына сомдалған бейнені – жеңіл ғана, кербез қимылмен, мың бұралып жеткізу үшін олар күн сайын еңбектеніп, денесін жаттықтырып, тер төгеді. Залда отырған көрермен ғажайыпқа куә болып, бұл спектакльді шығаруға қаншалықты күш жұмсалғанын білмей де жатады.

Фотокөрменің мақсаты – фотосуретшінің шынайы объективінде әртістердің жүзін ашу. Әр бишінің бойындағы спектакльдің эмоциясын жеткізуге мүмкіндік беретін қасиетін ашуға талпыну. Сырлы пердесін алып тастап, би мен адам мүмкіндіктерінің ғажайып шегіне көз тастауға тырысу. Сан-қырлы бейнелер: ұлттық нақыштан бастап ультра заманауи эксперименттер балет театрларының даму бағыты қазіргі кезде әмбебаптық пен икемділікке бет алғанын байқауға болады.