23/01/2020

«Астана Балет» Алматыда жаңа қойылымдарын көрсетеді

«Астана Балет» Театры Алматыда үздік қойылымдары мен тың премьераларын паш етеді! Шығармашылық ұжымның гастролі Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында өтпекші. Төрт күн бойы, 19, 21, 22 және 23 ақпанда Абай атындағы МАОБТ сахнасында мазмұнды, түрлі жанрдағы бағдарлама көрсетілмекші

Алғашқы күні ұжымымыз өзінің негізгі бағыты – неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы көрсетеді. «Astana Ballet presents» бағдарламасына Джордж Баланчиннің «Concerto Barocco», Р.Ребектің «A Journey of Memory» және Н.Фонтенің «Love’s Lost Idols» туындылары енген.

Ал, 21, 22 және 23 ақпанда «Күлше қыз» балетінің алматылық премьерасы өтеді. Сергей Прокофьевтың ғаламат музыкасы, көлемді декорациялар, ғажайып костюмдер мен бала кезден баршамызға белгілі сюжет – хореограф Надежда Калинина сәтті спектакльдің құрамдас бліктерін бір арнаға тоғыстырып, сиқырлы хореография, ұтымды әзілді қолдана отырып, ересектер мен балалардың көзайымына айналған ертегі-балет жасады.

Басшылықтың айтуынша, екі көріністі балет Абай атындағы МАОБТ сахнасына ыңғайланып, ықшамдалды. Бірақ, спектакль авторлары балеттің бірде-бір ғажайып деталі ұмыт қалмайтынын, алматылықтар бұл спектакльдің ғаламатын сезіне алатынын айтып отыр. Күлше қыз партиясын орындайтындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, Назерке Аймұхаметова және Дарина Қайрашева; Ханзаданың рөлін сомдайтындар - Қазбек Ахмедияров, Сүндет Сұлтанов және Фархат Бөриев.

«Сөз жоқ, Алматыда өнер көрсету зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, болашақ кәсіби мамандар Алматыдағы балет мектебінен түлеп ұшады. Мұнда біздің ұстаздарымыз қызмет етеді. Туған-туыстарымыз да осында тұрады. Бұл қаланың көрермені де ерекше – зерделі, талғампаз әрі зиялы», - дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Сонымен қатар, көрермен назарына балет әлеміндегі зор сұранысқа ие фотосуретші Алексей Кривцовтың фотокөрмесі ұсынылады. «Астана Балет» театрымен бірлесе жасаған жұмыстары, балерина мен бишілерге өзге қырынан, кейде тіпті, таңсық ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бұл көрменің әр фотосуреті – балет ғаламаты мен бишілердің шеберлігін әспеттейтін, қазақстандық балеттің ерекшелігін, соның ішінде, әр әртісті даралайтын нағыз өнер туындысы.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап, «Астана Балет» Театры ғажайып туындыларды тағы бір тамашалау мүмкіндігін жасап отыр: «Күлше қыз» балеті ақпанның 8 - 9 күндері, ал, «Astana Ballet presents» бағдарламасы ақпанның 29 күні астаналық сахнада көрсетілетін болады.