14/09/2022

"Астана Балет" театры Қарағандыға гастрольдік сапармен барады

22-қазанда "Астана Балет" театрының шығармашылық ұжымы Қарағандыда гастрольдік сапар аясында өнер көрсетеді. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының сахнасында Мукарам Авахри қойған "Тағдыр бұлтарыстары" және Иржи Килиан қойған "Жолдан тайғандар" атты бір актілі балеттері көрсетіледі.

«Қарағандылық көрермен бізге үнемі ыстық ықыласын білдіріп жатады. Олардың алдында өнер көрсету, біз үшін зор мәртебе. Бұл жолы біз былтырғы театр маусымының премьераларын - «Тағдыр бұлтарыстары» және «Жолдан тайғандар» спектакльдерін қарағандылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынбақшымыз. Бұл туындылар астаналық көрерменнің көзайымына айналды. Осы гастрольге біз үлкен жауапкершілікпен қарап, талғамы биік көрерменнің көңілінен шығатын, репертуарымыздағы үздік туындыларды паш етпекшіміз», - деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.

Бұл күні еліміздің ірі мәдени орталықтарының бірінің тұрғындары мен қонақтары әйгілі музыкант Карина Абдуллинаның Мукарам Авахри хореографиясындағы «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балетін, бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен тамашалай алады.

Балеттегі әрбір би – ғажайып кейіпкерлер – Таро көне карта жүйесіндегі Үлкен буын жайлы баяндайтын жеке-дара шағын туынды іспетті. Бұл кейіпкерлердің жұмбағы көп, құпия сыры басым. Олар ғарыш секілді шексіз. Спектакльде тағдыр жайлы ой-толғау мен орта ғасырлық атмосфера айқын сезіледі. Мұны музыка ырғағынан түйсініп, готикалық витраждар, сахна костюмдері, карнавал мен бетперде идеяларынан тани аласыз.

Кештің екінші бөлімінде заманауи би кемеңгері Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» атты туындысы көрсетіледі. Оны қойған Стефан Жеромски. Бұл – әйгілі хореографтың 1989 жылы қойылған ақ-қара түсті балеттерінің үзіндісі. Осы күні ол дербес туынды деңгейіне көтеріліп, би әлеміндегі құбылысқа баланады. Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың дауылпаз композициясының үндестігі мың бұралған сегіз балеринаның қимылына қанат бітіреді.

Спектакль дауылпаздардың сүйемелдеуімен өтеді: «Астана Балет» симфониялық оркестрінің ұрмалы аспаптар тобы америкалық минималист Стивен Райхтың «Drumming» атты күрделі шығармасын орындайды. Музыканттар мен бишілердің үйлесімі ғажайып атмосфера тудырып, көрермен қауымды беймәлім күйге бөлейді.

Бұған қоса, «Астана Балет» театрының солисттері Айнұр Әбілғазина мен Сүндет Сұлтанов 23-қазанда өтетін гала-концертке қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы астаналық ұжым шахтерлар қаласына үш күндік гастрольдік сапармен барып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. К.Станиславский атындағы орыс драма театрының сахнасында көрсетілген гастрольдік бағдарлама аясында әлемдік балет жауһарларымен қатар, қазіргі заманғы үздік қойылымдар көрсетілген еді. Гастроль барысында Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» және Джордж Баланчиннің «Серенада», Николо Фонтенің «Love’s Lost Idols», Рикардо Амарантенің «Love. Fear. Loss» және «A Fuego Lento» балеттері көрсетіліп, көрермен қауым зор қошеметін білдірді.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.