Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 22-23 қазанда «Астана Балет» театрының Қарағандыға гастрольдік сапары өтті. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрында Иржи Килианның «Жолдан тайғандар» және қазақстандық композитор Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балеттері көрсетілді.
«Сүйікті көрерменіміздің алдында өнер көрсету, біз үшін зор ғанибет. Кез-келген әртіс үшін гастроль – шығармашылық қызметтің маңызды бөлшегі саналады. Онсыз кәсіби біліктілікті ұштау мүмкін емес. Отандық композитор мен хореографтың туындысын Қазақстан аумағында көрсетіп жатқанымыздың өзі өте құнды. Қарағандылық көрермен бізді жылы қабылдап, қошеметін көрсетті. Әртістеріміздің өнері Қарағандының мәдени тынысының әрін кіргізді деп ойлаймын», – деді «Астана Балет» Театрының директоры Александр Совостьянов.
Кештің бірінші бөлімінде қарағандылық көрермен назарына Стивен Райхтың дауылпаз ырғағына Иржи Килиан қойған «Жолдан тайғандар» атты әйгілі ақ-қара түсті балет ұсынылды. Балет симфониялық оркестрдің ұрмалы аспаптар тобының сүйемелдеуімен өтті. Үйреншікті классика шеңберінен тыс шыққан «килиан стилі» бұл туындыны ерекше тартымды етеді. Сахнадағы музыка мен би үйлесіміне куә боламыз. Залдағы көрермен демін ішіне тартып, тым-тырыс болып қалды: сахнадағы көрініске тәнті болған көрермен әртістерден көз алмай, жүректері дауылпаз ырғағымен үндесіп соққандай әсер қалдырды…
Екінші бөлімде, көрермен көзайымына айналған «Тағдыр бұлтарыстары» балеті көрсетілді. Қоюшы-хореограф Мукарам Авахри. Таро карталарын мысалға ала отырып, балет идеясын ұсынған композитор әрі либретто авторы Карина Абдуллина. Ол көне заманнан бері сақталып қалған карталарды адам баласының түпсанасына жол бастар кілт ретінде қабылдайды. Сатымен көтерілген сайын, адам баласы өзін-өзі тани бастайды.
«Кейбір бейнелер әртістердің болмысына сай болды, ал, кейбірі, керісінше, мінез-құлқына қайшы келді, – дейді Мукарам Авахри. – Қойылымға дайындық барысында, мен бұл туындының идеясын тәптіштеп айтпадым. Дайындық кезінде әртістер қойылымның не жайлы екеніне өздері көз жеткізді. Себебі, бәрін жайып салсам осы балетке тән сиқырдан айырылып қалар едік, менің ойымша».
Карина Абдуллинаның айтуынша, бұл балетті ол өзінің жан досы, ғажап музыкант, «Мюзикола» тобының гитарашысы, композитор Болат Сыздықовтың рухына арнаған. Ол Қарағанды қаласының тумасы.
Спектакльде тағдыр тақырыбы мен жалпы орта ғасырлық атмосфера сезіледі. Готикалық витраждар, костюмдер, карнавал мен бетперделер осыған мысал бола алады. Ықшам декорациялар, үйреншікті емес техникалық шешімдер, ғажайып костюмдер мен орындаушылардың ерекше харизмасы бұл қойылымның тартымдылығын еселей түседі. Қойылымнан кейінгі көрермен қауымның ыстық ықыласы мен зор қошеметіне қарап, бұл балет көңіл пернесін шертіп, жүректерінің төрінен орын алғанын түсіндік.
Айта кетерлігі, 23-қазанда «Астана Балет» театрының солисттері Айнұр Әбілғазина мен Сүндет Сұлтанов «DosStar» халықаралық оперетта мен мюзикл фестивалінің гала-концертіне қатысып, Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінен адажио және А.Хачатурянның «Спартак» балетінен адажио орындады.