16/02/2019

«Астана Балет» қазақстандық көрерменге тағы да Форсайт шығармашылығын көрсетпек

Халықаралық әйелдер күніне орай, Театр елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап тарту жасамақшы. Төрт бір актілі балеттің бірі «Баланчин мұрагері» аталып кеткен кемеңгер-хореографтың туындысы әрі әлемдік балет жауһары.

Қазіргі заманның аңызға айналған адамы, америкалық хореограф Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортадан сәл жоғары») атты туындысы театр сахнасында алғаш 2017 жылдың 4-қарашасында көрсетілген-тұғын. Айта кетейік, бұл балетті қазақ сахнасына алып шыққан, хореографтың үзеңгілес досы, 12 жылдан астам уақыт онымен қатар еңбек еткен, хореографтың музасы болған Агнес Нольтениус.

Айта кетейік, ғасырлар тоғысында орын алған балет өнеріндегі революция осы хореографтың есімімен байланыстырылады. Оның хореографиясы гравитация атаулының өзіне күмәнмен қарауға мәжбүр етті. Ал, адам мүмкіндігінің шегіндегі дүниелері талғампаз көрерменнің ғана емес, сыншылар қауымының да таңдайын қақтырды. Экстремальді техника мен үздіксіз қимыл кез-келген көрермен көңілін баурап әкетері даусыз.

Осы күні, сонымен қатар, Бразилиядан шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің де туындылары көрсетілмек. Соның ішінде, «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss» спектакльдері бар. Олар Фландрия Корольдік балетіне арнап жасалып, «Астана Балет» сахнасына ауыстырылды.

«A Fuego Lento» немесе («Баяу жалын») – махаббат мен құштарлық сезімі алғаш бойыңызды билеген күйді сипаттайды. Сәт сайын күшейетін ішкі қуат пен эмоциялық көңіл-күй – осының бәрі ішіңізде жалындай алаулайды. Бұл балеттің әр сахнасы сезімтал танго ырғағына көмкерілген құшарлыққа толы.

Әйгілі хореографтың «Love Fear Loss» балеті «Махаббат. Үрей. Айырылу.» деп аударылады. Бұл балет француз әншісі Эдит Пиафтың күрделі тағдыры мен баянсыз махаббатына арналған.

Рикардо Амарантенің тың әрі өте қызықты туындысы «Silent Voices» неоклассикалық балеті «Сыбыр», «Ұяң дыбыстар» деген мағынаны білдіреді. Бұл балет тұңғыш рет «Астана Балет» сахнасында көрермен назарына тарту етілмек. Хореографтың айтуынша, бұл қойылымда австриялық композитор Франц Шуберттің ішекті аспаптар квартетіне арналған №14 ре минор «Ажал және ару» атты туындысы қолданылған. Ол музыкадағы романтизмнің негізін қалаушылардың бірі.

Пластикалық тілдің күшімен хореограф адам баласының ішкі дауыстары – көзге ілінбес сұхбаттасың, адам баласының ішкі күйін дәл сипаттайтын күдік пен үрей, үміт мен күмән аралас күй сынды сезімдер. Орындаушылардың дене қимылы мен жарық жүйесінің күшімен хореограф эмоциалық мазмұны терең, сонымен қатар, толысқан би драматургиясын сахнаға алып шықпақ. Рикардо Амарантенің барлық қойылымдары көрермен тарапынан зор қошеметпен қабылданатынын айта кеткен жөн.