23/08/2019

«Астана Балет – тот опыт, который необходимо перенимать», - Андрис Лиепа

«Астана Балет» Ташкенттегі гастролін қазақ хореография өнерінің жауһарларынан, сонымен бірге, театрдың неоклассикалық репертуарына жататын «AFuegoLento» балетінен құралған бағдарламамен ашты. Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Үлкен театрының көрермен залында ине шаншыр орын қалмады. Эстетикалық ләззат алған көрермен қазақстандық әртістерді қайта-қайта биске шақырып отырды.

Ташкенттік көрермен қазақ ұлттық биіне тәнті болып, «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасына негіз болған ұлттық өнерімізге қошеметін білдіріп отырды. Бұл бағдарламаға отандық хореографтар Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти шығарған хореографиялық миниатюралар енген. Бұл туындыларында олар қазақтың тарихы мен дәстүрін заманауи хореография тілімен жеткізуге тырысқан.

- Техникалық жабдықтар керемет екен. Бәрі де балеттің заманауи келбетін ашуға жұмылдырыла отырып, ұлттық пластикалық шешімдерді даралап тұруға күш салады. Музыкалық әуендер де өте ұнады. Біз де осы тектес дүние жасауға талпынып келеміз. Меніңше, сіздерде, Қазақстанда бар тәжірибеге сүйенуге болар еді – дейді Өзбекстан Үлкен театрының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Андрис Лиепа.

- Бүгін сахнадан көргенімізден үлкен әсер алдық. Меніңше, бұл ұлттық өнерді сақтаудың жарқын мысалы. Осы миниатюраларды жасаған хореографтар мен әртістерге басымды иемін. Ұлттық өнерге деген ерекше сезім аңғарылады. Хореографияда бәрі үйлесім тапқан: музыкалық әуен де, ұлттық костюмдер де, сөз жоқ, әртістердің орасан энергетикасы да.Өте ғажап» - деген ойымен бөлісті балет өнерінің жанкүйері Камола Давутова.

Екінші бөлімде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» атты сезімге толы шығармасы тарту етілді. Әртістер адам баласына тән алғашқы махаббат сезімінің буырқанған толқынын сахнаға алып шықты. Хореографтың өзіндік пластикалық тілі нәзіктігі және талғампаздығымен, сонымен бірге, сезімталдығыәрі ойнақылығымен ерекшеленеді. Сахна шымылдығы түрілгенкезде де өзбек ағайын қошеметін білдіріп, «браво» деп дауыстап жатты. Гастроль барысында көрсетілетін бағдарламаның алуан-түрлілігі қазақстандық ұжымның шығармашылық мүмкіндіктерін паш еткендей: ұлттық биденбастап contemporary dance дейін, классикаданбастап неоклассикаға дейін.

«Екінші бөлімде мүлдем өзге қырынан көрінді! Бұл кәсіби біліктілігі тең, бірақ, екі бөлек ұжымның өнер көрсеткеніндей әсер қалдырды. Әртістердің шеберлігін ерекше атағым келеді, өйткені, балет труппалары үшін бұл орасан жетістік. Екінің бірі мұнымен мақтана алмайды. Музыка мен хореографиядан ләззат алдым. Сахнадан көз ала алмадым. «Махаббат туралы аңыз» балетіне де міндетті түрде келеміз» - деп, алған әсерімен бөлісті, Ташкент тұрғыны Темур Рашидов.

«Астана Балет» Театрының гастролі «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» аясында өтіп жатыр. Баспасөз мәслихатында Театр директоры Александр Совостьянов «Астана Балет» Театрының Өзбекстандағы гастролінің орасандығы мен маңыздылығына тоқтала келіп, осы тектес шаралар екі ел арасындағы ынтымақты, мәдени байланысты нығайта түсетінін атап өтті.

- Күн нұрына шомылған Ташкен тұрғындары осы тектес шаралардың арқасында қазақтың бай рухани, мәдени-тарихи мұрасымен таныса алады» – деді, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды.

«Астана Балет» Театрының гастролі аяқталған жоқ. Алда тағы екі күн өнер көрсетеді. Осы күндері ташкенттік көрермен назарына Юрий Григоровичтың «Махаббат туралы аңыз» атты әйгілі балеті ұсынылады.