27/09/2021

«Астана Балет» Түркістан көрерменін тамсандырды

25-26 қыркүйекте «Астана Балет» театрының Түркістандағы гастролі сәтті өтті. Конгресс Холл сахнасында астаналық ұжым қазақ хореография өнерінің үздік үлгілерінен құралған концерттік бағдарламасын паш етті. «Ұлы Дала мұрасы» диветисментінде көрсетілген ұлттық бидің әсемдігіне тамсанған Түркістан қаласының көрермені әртістерге ыстық ықыласын білдіріп, қошеметін көрсетті. Іс-шара Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен болатын.

Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти қойған билерінде этнография, тарих пен қазақ халқының дәстүріне иек артып, осы тылсым дүниені заманауи хореография тілімен өрнектеген. Театрымызды әйгілеп тұрған бұл бағдарлама барлық гастрольдік сапарларда көрсетіледі: оған Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк және өзге де қалалардың көрермендері сүйсініп, зор қошеметін білдіріп жатты. Британиялық Таймс газеті «ұлттық болмыс», «бай костюмдер» мен әртістердің «орындаушылық шеберлігіне» тәнті болып, ерекше атап өтті. 

Гастрольдік сапар барысында композитор Шәмші Қалдаяқовтың театр концертмейстері Құралай Қанапина өңдеген музыкасына қойылған «Қыз сағынышы» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған хореографиялық миниатюра – драматургиясы қызықты, музыкалық әуені көпшілікке таныс мини-спектакль іспетті. Жаңа қойылымында ол махаббат тақырыбын қозғайды. Музыкалық туындыдан шабыт алған балетмейстер, пәк, іңкәр сезімге еліткен бойжеткеннің махаббаты жайлы әсерлі әңгімелеп, ішкі сырын пластика, бидің мәнері мен суреті арқылы жеткізеді.

«Миниатюрада жан арпалысы, іңкәр сезім мен өткен шақ жайлы әсерлі естеліктер бар. Фортепиано солосының магиясы мен көлегейлеп түскен жарық камералық шарттылық дарытып, қойылымның көркін аша түскені анық», - деген ойымен бөлісті Айгүл Тәти.

Айта кетейік, 5-8 қазанда «Астана Балет» театрының Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекке Қазақстан мәдениеті күндерінің аясында гастрольдік сапары өтеді. Т.Сатығанов атындағы Қырғыз Ұлттық филармониясының сахнасында театр репертуарындағы үздік хореографиялық миниатюралардың бірі - «Нұр шашу» және «Әсем қоныр» көрсетілетін болады.