13/02/2019

«Астана Балет» театрын қарағандылықтар зор қошеметпен қарсы алуда

Әлемдік балет жауһарларына еуропалық көрермен ғана емес, қарағандылықтар да тәнті. Константин Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының кассаларында бір де бір билет қалмаған. Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 23 мен 24 күндері «Астана Балет» театрының гастрольдік сапарының аясында бес бір актілі балеттен тұратын бағдарлама көрсетілмекші.

По многочисленным просьбам любителей и ценителей высокого искусства, руководством столичного театра было принято решение - открыть продажу билетов на дополнительный день выступлений.

Һас өнерді сүйер қауымның сұрауы бойынша, театр басшылығы қосымша күн белгілеп, билет алмаған көрерменге мүмкіндік беріп отыр.

Жаңартылған гастрольдік кестеге сәйкес, ақпанның 22 мен 23 күндері балет әлеміндегі екі бәйтерек, қазіргі заманның қос кемеңгер-хореографының туындыларын тамашалауға болады – Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортадан сәл жоғары») және Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті.

«ХХ ғасырдың алтын қорына» енген «Серенада» балетінің премьерасы 2017 жылдың 25-мамырында «Астана Балет» театрының сахнасында өтті. Бұл Қазақстан үшін, қазақстандық көрермен үшін айтулы оқиғаға айналды. Себебі, бұл Баланчиннің Америкада қойған алғашқы балеті әрі неоклассика хореографиясының жауһары саналатын туынды. Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған «Серенаданы» қазақ сахнасына алып шыққан – Баланчин Қорының балетмейстері Виктория Саймон. Ол осы хореографтың 25-тен астам балетін қайта түлетіп, әлемнің сексеннен астам балет труппасымен шығармашылық байланыс орнатқан.

«Серенаданы» тамашалаған көрермен һас өнердің құдіретін танып, көңілі тебіренері анық. Сырт қарағанда қарапайым көрінер «ай астындағы би» техникалық, музыкалық, стилистикалық тұрғыдан алғанда өте күрделі және Дж.Баланчин қорының стандарттары мен техникасына сәйкес орындалған.

Қарағандылық талғамы биік көрермен назарына ұсынылар тағы бір спектакль - Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» балеті. Модерн өкілінің бұл туындысы Қазақстанда алғаш рет 2017 жылдың 4-қарашасында көрсетілген-тұғын. Айта кетейік, аңызға айналған балетті қазақ сахнасына алып шыққан Агнес Нольтениус. Ол хореографпен 12 жылдан астам уақыт қатар еңбек еткен. Әйгілі хореограф балеттеріндегі басты партияларды оған арнап шығарған. 2002 жылы ол сахнадан кетіп, өзін балет өнерін үйрету ісіне арнап, анығында Уильям Форсайт туындыларын, оның импровизация технологиясын дәріптеп келеді.

Айта кетейік, ғасырлар тоғысында орын алған балет өнеріндегі революция осы кісінің есімімен байланыстырылады. Оның хореографиясы гравитация атаулының өзіне күмәнмен қарауға мәжбүр етті. Ал, адам мүмкіндігінің шегіндегі дүниелері талғампаз көрерменнің ғана емес, сыншылар қауымының да таңдайын қақтырды. Экстремальді техника мен үздіксіз қимыл кез-келген көрермен көңілін баурап әкетері даусыз.

Қазақстанның ірі мәдениет орталықтарының бірі – Қарағандыдағы үшінші гастроль күні, яғни, 24-ақпанда, хореография өнерінің жауһарлары тағы да моншақтай төгілмек. Кештің бірінші бөлімінде италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына қойылған «Love's Lost Idols» («Махаббаттың ғайып болған дарабоздары») көрсетіледі. Оның премьерасы 2018 жылдың 2-қарашасында өтті. Хореограф – танымал америкалық балетмейстер Николо Фонте.

Бұл спекаткль, «Өмірде бәрі өткінші екенін біле тұра, қалай ғана ғашық болып, әлденені жақын тұтамыз?» деген сұраққа хореографтың жауабы іспетті. Пластика тілінің күшімен театр әртістері мына жалғанның баянсыздығын, тек осы сәт, осы мезгіл ғана маңызға ие екенін жеткізуге тырысады. Сан-қатпарлы, көркем, кейде тіпті, экстремальді би тілі арқылы театр әртістері өмірдің бір сәтін суреттеп береді де, көрерменіне: «Сіздерге бар керегі – ниеттің түзу болып, ешкімнің ала жібін аттамау!», деп тұрғандай. Николо Фонтенің айтуынша, Эцио Боссоның музыкасы «болмашы» қараңғылыққа ие. Дегенмен, ішкі сәулесі бар. Тап бір қабырғаның жарығынан сыртқа ұмтылған сәуле іспетті. Адамның бойындағы осы ішкі қуат – еркіндіктің бастауы. Әйтсе де, дәл осы күйді адам баласы жаны таза, пәк қалпында ғана өткере алады.

бөлімде «Астана Балет» театры өз репертуарындағы көпшіліктің қошеметіне бөленген «Love.Fear.Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей.) және «A Fuego Lento» балеттері көрсетілмек. Авторы – Бразилиядан шақырылған хореограф Рикардо Амаранте. Ол хореографияның ғана емес, костюмдердің де авторы.

Наталья Чепуренконың өңдеуіндегі Эдит Пиаф, Шарль Дюмон, Жак Брель музыкасына қойылған «Love Fear Loss» - сезімге құралған балет. Мұндағы әр сахна махаббат, сүйгеніңнен айырылып қалу қаупі, бейжайлық сынды сезімдер толқынын сипаттайды. Балетті қойғанхореографтың айтуынша, бұл туындының пайда болуына Эдит Пиафтың күрделі тағдыры түрткі болған. Ол ғашығынан оқыс жағдайда айырылып, осы трагедиясын әндеріне арқау еткен жан. Спектакль премьерасы 2016 жылдың 21-қарашасында Варшавада өткеніне қарамастан, әр қойылым сайын көрермен қауым тың сезімге бөленіп, жүрегі елжірейді.

Рикардо Амарантенің тағы бір балеті «A FuegoLento» Лало Шифрин, Астор Пьяццола, Карлос Гардель мен Саё Косугидің музыкасына қойылған. Оның премьерасы 2016 жылдың 5-қазанында Токиода өтті. Бұл алаулаған жалындай би бастапқыда баяу ғана жанып, соңынан нағыз өртке айналғандай көрінеді. Бұл балет махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды билеп алар сезім жайлы баян. Әр сахна буырқанған танго ырғағындағы ынтық сезім, құштарлық сынды күйді сипаттайды.

Айта кетейік, 2018 жылдың 5-қазанындағы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздің табиғи және мәдени мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану үшін, ішкі және сыртқы туризмді дамытқан абзал». «Астана Балет» театры осы бағытты әу бастан ұстанып келеді. Сөйтіп, балет өнерін еліміздің бас шаһарында ғана емес, әр аймақта насихаттауға күш салып келеді.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, биыл маусым айында «Астана Балет» ауқымды гастрольдік бағдарламасымен Атырауға сапарлап қайтқан еді. Бұған қоса, биыл жаңа премьералар күтілуде. Қоюшы-хореографтар Ресей мен Германияның айтулы балетмейстерлері – Юрий Григорович пен Раймондо Ребек.

Анықтама: «Астана Балет» театры 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Дербес ғимартқа 2016 жылдың желтоқсанында ие болды.

Театрдың жалпы көлемі 15 000 м² астам. 783 орындық көрермен залының 609 орны партер, 104 орны самалдықтың екінші ярусы, 70 орын самалдықтың үшінші ярусы.

Театр кеңістігінің заманауи стандарттарына сәйкес жасалған сахна ауданы 500 м² астам. Авансцена, арьерсцена мен қуыстарды қоса есептегенде оның көлемі 1000 м² асады. Оркестр орны 50-60 музыкантқа арналған. Сахнаны трансформациялау үшін көтермелі-түсірмелі механиканың соңғы үлгілері орнатылған. Жарық беру жүйесінде дәстүрлі театр қондырғыларымен қоса, осы саладағы соңғы инновациялық жетістіктер қолданылған. 800-ге тарта жарық жабдықтары көркем жарық түсірудің сапасын еселей түседі. «Астана Балет» театры сахнасының мүкіндіктері режиссерлер мен сценографтардың қиялын асқақтатып, батыл ойларын жүзеге асыруға барынша ыңғайланған.

Театрдағы 2 репетициялық залдың ауданы сахна көлеміне сәйкес келгендіктен, жаңа спектакльге дайындық жүргізу барысында өте қолайлы.

Театрдың алғашқы қойылымы 2013 жылдың шілдесінде көрсетіліп, көрермен қауым жаңа театрды зор қошеметпен қабылдағанына куә болдық. Осы күні біздің ұжымның қошеметшілері Қазақстанда ғана емес, одан тысқары елдерде де мыңдап саналады.

Түрлі жанрдағы театр репертуары әлемдік және отандық классика жауһарлары, бірегей хореографиялық қойылымдармен толысып келеді. Осы күні театр репертуарында 18 спектакль мен екі концерттік бағдарлама бар: «Astana Ballet Gala» және «Ұлы Дала мұрасы».