«Астана Балет» әртістері Калифорнияның күн шуағымен қатар, көрермен қауымның зор ықыласына бөленіп қайтты. Астаналық театр труппасы Сан-Франциско, Сан-Диего мен Лос-Анджелес тұрғындарын тамсандырды!
Қарашаның 19 мен 22 аралығында Батыс жағалаудағы ірі қалалардың бетке ұстар театрларында өнер көрсетіп, қазақ балет өнерінің жауһарларын паш етті. Театр ұжымы Сан-Францисконың Хербст Театры, Сан-Диегоның Калифорниялық өнер орталығы мен Сприкелс Театры, Лос-Анджелестің Сабан Театрында өнер көрсетті. Айта кетерлігі, Сабан Театры талай жыл «20 ғасыр Фокс» кинокомпаниясының жетекші театры саналып келді.
Әртістердің айтуынша, мазмұнды әрі күрделі бағдарлама, гастрольдің тығыз кестесі, күн сайын өнер көрсету мен қала арасында ұшақпен ұшу кәдімгідей сынақ болғанымен, мінездерін шыңдап, жаңа шыңдарды бағындыруға жігерлендірді.
Төрт күн бойы көрермен залында ине шаншыр орын болмады. Көрермен ыстық ықыласын төгіп, зор қошеметін білдіріп, әртістерді, театр саласында қалыптасқан дәстүрге сай, «браво» деп дауыстап сахна сыртына шығарып салып жатты. Труппа өзін әйгілейтін, қазақ биінің жауһарлары енген «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын паш еткен болатын. Антрактта көрермен қауым ұлттық музыка ғаламатына тамсанып, көркем бейнелер мен хореография өрнектерін сөз еткенінің куәсі болдық.
«Ұлттық би ерекше әсерлі болды. Бұл мүлдем бөлек пластика, бөлек көңіл ырғағы. Мұндайды жиі тамашалай алмайсың, әсіресе, Калифорнияда. Костюмдер де өте ұнады, сондай сәнді, түрлі-түсті киім. Сосын, музыка. Бұл – қанат бітіретін музыка. Бұл кеш мен үшін жаңалыққа толы болды. Осы труппаның өнерін болашақта тағы бір тамашалау мүмкіндігі болады деп үміттенемін» - дейді, Сан-Франциско тұрғыны Сьюзан Галант.
Театр әртістері «жергілікті» дүниені де тарту етті - америкалық хореограф Николо Фонтенің бір актілі – «Love’s Lost Idols» - лирикалы әрі ойға түсірер балеті, «Бұл жалғанның өткінші екенін біле тұра, қалай ғана ғашық болып, әлдекімді бауыр тартамыз?» деген сұраққа жауап іздейді.
Шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің – «Love Fear Loss» және «A Fuego Lento» атты елең еткізер қойылымдары АҚШ тұрғындарын да елжіретпей қоймады: «A Fuego Lento» ақырғы көрінісінен кейінгі көрермен овациясы мәңгіге созылған тәрізді.
«Браво! Бұл көркемдік биіктен көрінген көрсетілім болды. Алуан-түрлі бағдарлама дайындағаныңыз ұнады. Заманауи балетпен қоса, ұлттық биді де тамашалай алдық. Әртістер де өздерін жан-жақты көрсете алды. Меніңше, бұл ұжымның болашағы зор. АҚШ-қа тағы келсеңіздер, қуана қарсы аламыз!» - дейді, Лос-Анджелес тұрғыны Брайан Митчел.
Елге оралған соң, «Астана Балет» Театрының әртістері желтоқсанның 20-22 күндері өтетін қысқы үлкен премьера – «Күлше қыз» балеті мен желтоқсанның 26-31 күндері өтетін «Шерткіш» балетінің жаңа жылдық көрсетіліміне дайындық жұмыстарына кірісіп кетеді.
Анықтама: «Астана Балет» Театры Қазақстан, Ресей, ҚХР, Франция, Ұлыбритания, Польша, Корея, Австрия, Мажарстан және өзге де елдердің жетекші театрларында өнер көрсетіп, қазақ балет өнерін паш етіп келеді.