01/10/2019

«Астана Балет» Павлодар қаласында әлемдік балет жауһарларын паш етеді

«Астана Балет» Театрының жетінші маусымы жаңа гастрольмен басталды. Бұл жолы Театр репертуарындағы қойылымдарды Павлодар тұрғындары мен қонақтары тамашалайтын болады. Қарашаның бірі мен екісі күндері астаналық ұжым Естай атындағы Мәдениет сарайының сахнасында ауқымды әрі мазмұнды бағдарламасын тарту етпекші: әлемдік балет жауһары - Джордж Баланчин «Серенадасы», сонымен қатар, Театрдың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің – «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss» балеттері.

Премьерасы 1934 жылы өткенімен, «Серенада» би әуені, бейнесі мен эмоционалдығы тұрғысынан биік туынды саналады. Мұнда музыка мен хореография үндестік тапқан. Астанадағы премьерасы 2017 жылы өткен. Балет Джордж Баланчин қорымен шығармашылық ынтымақта, хореограф стилі мен техникасының стандарттарына сай жасалған. Осы күні «Астана Балет» - репертуарында америкалық неоклассика балетінің туындылары бар Орта Азиядағы жалғыз театр. П.Чайковский музыкасына қойылған әйгілі «Серенада» саф өнерді құрметтейтін павлодарлықтар үшін ұмытылмас мерекеге айналары даусыз.

Гастроль барысында Театрдың неоклассикалық репертуарындағы қойылымдар да көрсетіледі: «Love Fear Loss»  (Махаббат. Айырылу. Үрей) және «A Fuego Lento» (Баяу жалын). Бразилиядан шақырылған хореограф Рикардо Амаранте павлодарлық көрерменге таныс. Осыдан үш жыл бұрын өткен алғашқы гастроль кезінде оның «GAIA» туындысы тарту етілген болатын.

Айта кетейік, қарашаның соңында «Астана Балет» АҚШ қалаларына гастрольдік сапармен аттанады. Бұған қоса, Театр өз көрерменіне тағы бір жаңа спектакльді тарту етпекші. Оны Ресей балетмейстері қоймақшы.