Қараша айының 16-18 аралығында Санкт-Петерборда өтетін VI халықаралық мәдениет форумында «Астана Балет» театры Қазақстанның ұлттық және заманауи мәдениетінің келбетін паш етеді. Биыл Қазақстанға «қонақ-ел» мәртебесі беріліп отыр. Осының өзі Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа деңгейін айғақтап тұр.
Әдеттегідей, форумға дүние жүзінің түкпір-түкпірінен мәдениет саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері мен өнер тарландары, бас-аяғы 20 мыңнан астам адам жиналады: драма, опера және балет театрларының жұлдыздары, билік пен бизнестің, академиялық қауымдастықтың өкілдері.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, форумның мақсаты адамзаттың мәдени мұрасын сақтап, еселей түсуге бағытталған ұлттық, мемлекетаралық және жаһандық бағдарламаларды ұсынып, әзірлеу және жүзеге асыру. Форум бағдарламасы өте ауқымды: мәдени бағдарламадан бөлек, 14 секция бойынша іскерлік пікір алмасуға мүмкіндік бар. Фестиваль бағдарламасында жетпістен астам іс-шара өткізіледі (театр және кино премьералары, концерттер, көрмелер мен шығармашылық кездесулер). Дәстүрлі түрде қонақ-ел дербес іскерлік және мәдени бағдарламасын ұсынады. Бұл мәртебенің өзі мемлекеттер арасындағы ерекше гуманитарлық қарым-қатынасты айғақтап, тең дәрежелі мәдени жобалар мен бағдарламаларды дамытуға ықпалын тигізеді. 2017 жылы бұл мәртебе Жапония мен Қазақстанға бұйырып отыр.
Форум асында Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Форумның ашылу салтанатында ресейлік көрерменге «Astana Ballet Gala» гала-концерті көрсетіліп, балет әртістері театр балетмейстерлерінің би тілімен жеткізген батыл көркемдік шешімдері мен бірегей өрнектерін паш етеді. Бұл бағдарламаға «Ұлы Дала мұрасы» атты жарқын әрі қайталанбас хореографиялық миниатюралар, «Махаббат. Айырылу. Үрей», «A fuego lento» бір актілі балеттері мен «Клеопатра триумфы» атты балеттің үзіндісі еніп отыр.
Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетінің өзіндік болмысын көрсетудің ерекше құралы. Сол себепті, «Астана Балет» театрының гастрольдік бағдарламаларына ұлттық би үлгілері міндетті түрде енгізіліп отырады. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасындағы би композициялары – қазақтың кең-байтақ даласын, ұлттық дәстүрдің байлығын сипаттап, ғажайып музыкасы мен қайталанбас көркемдік бейнелерін паш етеді. Қазақтың өзіндік болмысын би тілімен жеткізетін этнографиялық және көркем би-бағдарламасы елімізде ғана емес, шет елдерде де ыстық ықыласпен қабылданады.
«Love Fear Loss» (музыкасы Эдит Пиаф репертуарындағы әндердің тақырыбына жазылған, хореограф Рикардо Амаранте) – әйгілі Эдит Пиафтың ғажайып өмірбаяны мен әндерінен нәр алған. Оның әндерінде түрлі ер азаматтармен қарым-қатынасы суреттелгені белгілі. Алайда, бәрі бір арнаға құйылған Пиаф әндері нағыз махаббат ұранына айналып, әлемді табындырды. Балеттің әрбір дуэті іңкәр сезім, махаббат, айырылып қалу қаупі мен бойыңды билеген үрей сезімдерін суреттейді.
«A fuego lento» атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі(музыка - Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф – Рикардо Амаранте).
Сонымен қатар, көрермен назарына «Клеопатра» балетінің үзіндісі тарту етіледі (Музыка – Морис Равель, хореограф – Николай Маркелов). Бұл туынды Мысыр патшайымының көпшілікке беймәлім кезеңін, яки, сіңілісі Арсиноямен тақ үшін күреске түскен шағын баяндайды. Клеопатра мен Арсиноя тағдыр тәңіриясы, адам өмірінің әміршісі Лахесистің назарын өзіне аудартпақшы. Себебі, Лахесистің қолында Клеопатра мен Арсинояның мазасын алған биліктің кілті тұр.
«Астана Балет» театрының гастрольдік сапарлары алдына күрделі мақсаттар қойып отыр: сан-түрлі хореография үлгілері арқылы еліміздің бай мәдениетін дүниежүзіне паш ету.