08/03/2024

«Астана Балет» елорда тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтайды

Наурыз мейрамының қарсаңында, 21-наурызда «Астана Балет» театры елорда тұрғындарының назарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментін ұсынады. «Астана Балет» театрының репертуарындағы бұл бағдарлама қазақ мәдениетінің өзіндік келбетін ашатын бірегей бағдарлама. Мұнда этнографиялық элементтер мен заманауи балетмейстерлік шешімдер үйлесімді үндестік тапқан.

Айгүл Тәти ұлттық биді жаңа деңгейге көтеруді мұрат тұтып отыр: «Бізге дейін қолданылған режиссерлік форматтан алшақтауды жөн көрдім. Бізге дейін қойылымның белгілі бір стилі болды ғой. Ал, мен дәстүрлі қазақ биінің шеңберінен тыс шығып, жаңа дүние шығаруға, тереңдетіп, жаңа формаларды табуға, қазақтың болмыс-бітімін ашуға тырыстым...».

Бағдарламаға енген хореографиялық миниатюралар түрлі көркемдік тәсілдер мен стильистиканы пайдалана отырып, қазақ халқының тарихы мен бай дәстүрін, отанымыздың тылсым табиғатының құдіретін паш етеді. Қазақ хореографиясының эстетикасы, көз жауын алар тартымдылығы, терең мазмұны мен әсем костюмдері дүниежүзі көрерменінің риясыз қызығушылығы мен таңданысын тудырады.

«Қазақ халқының би өнерінің дәстүрі бай. Талай ұрпақ би қимылы арқылы ойын, дүниетанымын суреттеп келген. Біздің театр осы бай мұрамызды сақтап, аялап қана қоймай, ұлттық пластиканың жаңа әдіс-тәсілін табуға да күш салып отыр. Бір байқағаным, қай биді билесек те, адамның тәні әлдебір ұлтқа тән кодты сақтап тұрады екен. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын, себебі, бұл табиғи құбылыстың арқасында қарапайым қимылдың өзі көркем мазмұнға ие болады», – деген ойымен бөлісті, балетмейстер Айгүл Тәти.

А.Тәти қойылымдарындағы әйелдің нәзік бейнесі және ерлер хореографиясындағы жауынгерлік сипат, шорт қимылдар көз жауын алып, көрермен жанының түкпіріндегі пернелерін шертеді. Биде этнографиялық элементтер мен заманауи балетмейстерлік шешімдерді үйлесімді қолдана отырып, хореограф  терең тарихи әрі фәлсафалық мағынасы бар қазақ оюына тән қайталанбас пластикалық суретті сахнаға алып шығады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.