8-мамырда «Астана Балет» театры Талдықорған қаласында өнер көрсетті. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрсетілген болатын. Қала тұрғындары мен қонақтары астаналық ұжымды жылы ықыласпен қабылдап, қазақ ұлттық биінің әсем, көркем өрнегіне тәнті болды.
«Талдықорғанда паш еткен концерттік бағдарлама театрымызды айшықтап тұрған, әлемнің айтулы сахналарында міндетті түрде көрсетілетін, елімізді әйгілеп тұрған дүние. Шығармашылық ұжым жанын салып паш ететін өнер атаулы үнемі сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Біздің театрымыз үшін көрермен қауымның ыстық ықыласынан асқан баға жоқ. Еңбегіміздің өлшемі де осы», - деген ойымен бөлісті «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Қазақтың болмысын этнографиялық және бейнелік тәсіл арқылы би тілімен суреттейтін бұл бағдарлама театрымызды әйгілеп тұрған дүниеге айналды. Осы бағдарламаға қарап, қазақ хореография өнерінің жеткен биігін бағамдап, этнография элементтерін, би дәстүрі мен заманауи балетмейстерлік шешімдерді үйлестіре білген тың дүниеге куә боласыз. Концерттік бағдарламаға отандық би өнерінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти шығарған хореографиялық миниатюралар енген.
Кеш барысында «Ғажайып табиғат», «Қыз қайың», «Серілер салтанаты», «Ата толғауы», «Сый-сияпат», «Нұр шашу», «Балбырауын», «Қыз сағынышы», «Кербез сұлу», «Әсем қоңыр», «Ұлы Дала», «Ақ қыз» хореографиялық сюиталары мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінен дуэт көрсетілді.
«Біз көрермен көңілінен шығып, жүрегін баурап алу үшін еңбек етеміз. Олардың ыстық ықыласы бізге қуат дарытады. «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын ел ішінде де, шет елдерде де зор қошеметпен қабылдайды. Гастрольдің сапар аясында біз ұлттық нақыштағы ауқымды бағдарламамызды тарту етпекшіміз. Дәстүрлі стильмен қатар, көрермен қауым мұнда фольклор мен заманауи және неоклассикалық хореографияның үндестігін, үйлесімін аңғара алады. Яғни, айтайын дегенім, театрымыз хореография, көркем бейне тұрғысындағы ізденістерін жалғастырып келеді» - деп атап өтті, «Астана Балет» театрының қоюшы-балетмейстері Айгүл Тәти.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.