27/02/2019

«Астана Балет» Қарағандыны табындырды

«Астана Балет» театрының еліміздің мәдени орталықталықтарының біінде көрсеткен өнері көрермен тарапынан зор қошеметке ие болды. Үш күн бойы аншлаг. Әлемдік балет жауһарлары мен үздік заманауи қойылымдарынан құралған бірегей бағдарлама көрермен көңілінен шықты. Мұны көрермен көрсеткен қошеметтен-ақ аңғаруға болушы еді.

Балет өнерін сүйер қауымның назарына Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортада, сәл жоғары») және Джордж Баланчиннің «Серенада» атты әйгілі туындылары ұсынылды. Америкалық балетмейстер Николо Фонтенің «Love's Lost Idols» («Махаббаттың ғайып болған дарабоздары») және Театрымыздың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің «Love. Fear. Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей) және «A Fuego Lento» («Баяу жалын») спектакльдері қойылды. Театр Константин Станиславский атындағы орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетті.

Осыдан бес жыл бұрын «Астана Балет» театры шахтерлар қаласына сапарлаған болатын, сөйтіп, репертуарындағы қойылымдарды көрсеткен-тұғын. Осы уақыт аралығында репертуар да толысқаны мәлім. Енді театр қоржынында «Astana Ballet Gala» және «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарламаларынан бөлек, көпшілік мойындаған кемеңгер-хореографтар Уильям Форсайт пен Джордж Баланчин қойған туындылдарды қоса есептегенде, он сегізден астам балет бар. Осы хореографтар қойған әлемдік балет жауһарлары елордалық театрдың Қарағанды көрерменіне көрсеткен арнайы бағдарламасына еніп отыр.

«Қалай дегенмен, балет өте күрделі өнер. Әртістер секілді сахнада «желдей есу» де оңай емес. Алайда, «Астана Балет» театры әртістерінің кәсіби біліктілігіне шүбә келтіре алмаймыз. Олар сахнада өздерін еркін ұстап, асқақ өнерді көрерменіне таныстырып келеді, - деген ойымен бөлісті, көрермен Анна Строкова. - Бәрінен бұрын есте қалғаны Форсайттың қойылымы. Мұнда бидің сипаты анық, ал, әртістер геометриялық фигуралардың келбетін келтіріп қатар түзеді. Осы қойылымды сүйемелдеген музыканың өзі неге түрады? Тура өзімнің мінезіме сай жылдам әрі қуатты музыка екен. Жалпы, маған өте ұнады. Енді, Театрдың бүкіл репертуарын көрсем деген ой келді. Ал, Қарағандыға тағы келсеңіз, міндетті түрде барамын».

Айта кетейік, биыл «Астана Балет» репертуары төрт жаңа қойылыммен толыспақ. Нақты айтсақ: отандық хореограф Мукарам Авахридің «Сұлтан Бейбарыс» атты тұңғыш тарихи кинобалеті, қазіргі заманғы америкалық хореограф Раймондо Ребектің «A journey of a memory» қойылымы, ресейлік хореограф Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңызы» мен Надежда Калининаның «Күлбике» атты туындысы.

«Астана Балет» театрының шығармашылық тобы, сонымен қатар, Теміртау қаласында 2011 жылдың 22-қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығына да барып қайтты. Бұл орталық Тұңғыш Президент өмірбаянына сүйене отырып, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен ауыр индустрия - Қазақстан Магниткасы туралы мәлімет береді.