Трансляцияны 15-тамызда, сағат 20:00 театрдың Youtube-арнасы – AstanaBallet-тен тамашалауға болады. Кеш бағдарламасында – қазақ мәдениетінің өзіндік болмысын ашатын «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті көрсетіледі.
Бірегей бағдарламада этнографиялық элементтер заманауи балетмейстерлік шешімдермен үйлесім тапқан. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған әр хореографиялық миниатюра – көшпелі халықтың дүниетанымдық фәлсафасын, аңыз-әпсаналарын көркем бейнелер арқылы жеткізу талпынысы.
«Қазақ ұлттық биі – халық жанының сырлы тілі. Мұнда ұлылық пен даналық та, ақ пейіл мен рух байлығы да үндесіп жатыр. «Астана Балет» театрында, біз, дәстүрге, тарих пен қазақ музыкасына сүйене отырып, ұлттық хореографиялық пластика негізінде жаңа би композицияларын шығарып, дамытуға күш салып келеміз. Әйгілі композиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына орай, көрермендеріміз осы концерттік бағдарламаны тағы бір тамашалай алатыны бізді де қуантып отыр», - деді қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти.
Бұл концерттік бағдарламаны қысқаша былай сипаттауға болар: «Бастау-бұлақты дәріптеу. Дәстүрді сақтау әрі арттыра түсу. Жаңа формалардың мінсіздігі». Хореографиялық туындылардың эстетикасы, көз жауын алар көркемдігі, бай костюмдер мен мазмұндық тереңдігі дүниежүзіндегі көрерменнің ықыласына бөленіп, мәңгілік жадында сақталып қалады.