04/01/2019

«Астана Балет» «Шерткіш» спектакліне қосымша билет сата бастады

2019 жылғы қаңтардың 4 мен 6 аралығында, сонымен қатар, 9 күні көрермен сұрауы бойынша «Астана Балет» театрында жаңа жылдық дәстүрлі спектакль «Шерткіш» - қосымша көрсетілетін болды. Василий Вайноненнің редакциясымен шығарылған ертегі-балет премьерасы 2017 жылдың желтоқсанында өткеніне қарамастан, астана тұрғындары мен қонақтары тарапынан зор қошеметке ие, әрі репертуардың ажарын келтіріп отырған туынды.

Желтоқсанның 22 – 31 аралығында астаналық театр сахнасында өткен Петр Ильич Чайковскийдің «Шерткіш» балетіне Қазақ Ұлттық хореография академиясының 150 астам тәлімгері мен ұстазы, театрдың 40 әртісі қатысты.

«Шерткіш» - балалар мен ересектерге арналған таңғажайып жаңа жылдық ертегі мереке қарсаңындағы қала тіршілігінің ажырамас белгісіне айналып үлгергелі қашан? Бұл шынайы махаббат, достық пен өзара сенім талай сынақтан өтіп, Тышқан Королімен шайқасып, оны жеңуге сеп болатыны жайлы ертегі. Маша мен Шерткіштің басынан өткерген уақиғасы тек қарсылық көрсете білсең ғана жеңіске жетуге болатыны жайлы  балаларға баяндап берсе, ересектердің есіне түсіреді. Себебі, шынайы махаббат зұлымдық күштерінің баршасын жойып жібере алатын күшке ие екені әлімсақтан мәлім.

«Шерткіш» спектакліндегі мерекелік әрі сиқырлы атмосфера «Астана Балет» театрының декорация цехының жетекшісі Жандос Омаровтың қолынан шыққан реквизит пен бутафория арқасында еселеп тұрады. Сценографиясын жасаған тұста, ол Мариин театрының тұжырымдамасын назарға алған болатын.

Қазіргі Мариин, бұрынғы Киров атындағы Ленинград театрының сахнасында 1934 жылы, орыс балетмейстері Василий Вайнонен редакциясымен жасалған «Шерткіш» балетінің премьерасы өтті.  1938 жылы аталған қойылым Үлкен театрға, кейін КСРО және шет ел театрларының сахнасына шығарылды. Бұл спектакль әлемдегі ең танымал қойылымдардың қатарынан саналады. Әрі бұл спектакль талай мәрте түрлі сахнаға қойылған-тұғын.

«Астана Балет» сахнасына ертегідей ғажайып спектакльді алып шығуға мұрындық болған – Ресей Федерациясының Халық әртісі, Қазақ Ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова. Балет либреттосы Гофманның «Шерткіш пен тышқан королі» атты ертегісінің желісімен жазылған.

Театр директоры Валерий Күзембаев елорда тұрғындары мен қонақтары, сонымен бірге, жалпы, өнерсүйер қауым жанына жақын редакция мен сипатқа ие спектакльді таңдау мүмкіндігіне ие. Бұрын-соңды мұндай мүмкіндік болған емес. «Астана Балет» «Шерткіш» спектаклінің ғажайып пен романтикаға толы Василий Вайнонен редакциясын ұсынса, «Астана Опера» театры қазіргі заманның айтулы хореографы Юрий Григоровичтің редакциясын сахналады. Атап өтерлігі екі спектакльге де билеттер алдын-ала сатылып кетеді.

«Көрермен қызығушылығы бізге шығармашылық зор жауапкершілік жүктейді. Біздің ұжым өз көрерменіне шынайы, нағыз мерекелік күй сыйлауға асық», - деп атап өтті Валерий Күзембаев.

Спектакль алғаш қойылған күннен бері талай жыл өтсе-дағы, қойылым жасаушының ассистенті Елена Шерстневаның айтуынша, ол әлі де тың, көркем әрі бірегей туынды саналады.


«Мұндай спектакль қойылымына қатысудың өзі бір бақыт. «Шерткіш» (Василий Вайнонен редакциясында) спектакліне көп бала қатысады. Ол ертегідей ғажайып, адамгершілікке баулитын, керемет туынды. Академия тәлімгерлері үшін бұл болашақ кәсібінің қыр-сырына бойлауға жол ашатын мектеп, пайдалы тәжірибе болмақ», - деген ойымен бөлісті ол.

Академия тәлімгерлері бірінші акттегі балалар сахнасын, ақшақарлар биін, дивертисменттегі қуыршақтар биін, ал, академия түлектері Маша мен Ханзада бейнесін сомдап, күшін сынап, театрдағы болашақ әріптестерімен иық тіресе өнер көрсетеді.

Ұстаз-репетиторлардың айтуынша, ересек және жас әртістер күндіз-түні репетиция жүргізеді. Қазақ Ұлттық хореография академиясының кәсіби білім беретін мектеп-колледжінің жетекшісі Светлана Кукшинова, осының өзі болашақ балет әртістері үшін сахна сырына үңіліп, өзінің кәсіби білігін арттырудың зор мүмкіндігі. Дәл осы спектакльге қатысқан тәлімгерлер шымылдық «сыбдырын» танып, спектакльге дайындықтың сырына қанығқты.

«Балалар күн сайынғы репетицияға қуана қатысады. Көздері жайнап тұрады. Көңілдері көтеріңкі, тіпті, қысқы каникул барысында елге оралғысы жоқ. Академия тынысы жаңа жылдық ғаламат, спектакльге дайындықпен өткен дүрбелең, алдағы жаңа жылға үміт артқан арман-тілектер тоғысқан тәрізді», - деді, ол.

Директордың орынбасары Дүйсен Мұсабеков, «Астана Балет» толымды театр қатарына қосылды, деген пікірде. Себебі, көпшіліктің назарынан тыс қалып отыратын, шат-шадыман мерекелік салтанаттың көлеңкесінде қалып отыратын театрдың күнделікті күйбең тірлігі бар. Сахна сыртындағы жұмыстардың бәрін отандық мамандар атқаруда. Оның айтуынша, «Шерткіш» спектакліне арнап, 200 астам костюм тігіліп, реквизит жасалды. Осы қойылымның ажарын ашатын да, мерекелік күй сыйлайтын да осы.

«Шеберлеріміз ерен еңбек атқарды. Өзіндік сценография балалардың ғана емес, ересектердің де көңілінен шықты деген үміттеміз. Ол бойыңызға жылу дарытып, жайлы бір күй сыйлайды», - деп қорытты Дүйсен Мұсабеков.