«Астана Балет» театры кезекті театр маусымының шымылдығын Өскемен қаласына гастрольдік сапармен ашады. 8-9 қыркүйекте «Ертіс» концерт залында музыка кешін өткізу жоспарланған. Гастрольдік бағдарламаның алғашқы күні «Barocco» камералық музыка кеші, екінші күні дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестрдің «Music Tour» бағдарламасы көрермен назарына ұсынылады.
«Осы әсем қалаға алғашқы гастрольдік сапарымыз 2014 жылы өткен болатын. Ол кезде театрымыз енді ғана қанатын жайған шағы еді. Бұл жолғы сапарымыздың ерекшелігі – біршама тәжірибе жинақтап, тың қуатымызбен, жаңа идеяларымызбен бөлісіп, ғаламат бағдарламамызды ұсынбақшымыз. Көрермен қауымның көңілінен шығамыз деген ойдамыз. Біз ұмытылмас сәт сыйлап, «Астана Балет» ұжымының бірегей өнерін паш етіп, біздің шығармашылығымызбен танысқан әр адамның жүрегінен орын алып, шабыттандыратын нағыз өнер тарландарына айналғанымызды көрсеткіміз келеді», - деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.
Гастрольдік бағдарламаның алғашқы күні «Астана Балет» оркестрі әртістерінің орындауында «Barocco» камералық музыка кеші ұсынылады. Бұл кеште тыңдарман қауым барокко дәуіріне сапар шегіп, ұлы композиторлардың ғажап туындыларын тыңдай алады. Кеш барысында И.Пахельбельдің «Канон»; А.Марчеллоның «Гобой мен оркестрге арналған концерті»; И.С.Бахтың «No3 ішекті аспаптар оркестріне арналған сюита: «Ария»; «No2 сюита: «Менуэт, Шутка»; А.Вивальдидің «2 виолончельге арналған концерті»; «Concerto grosso» туындылары орындалады.
«Әр концертімізде біз көрермен қауымның көкейінен шығып, өзіміздің идеяларымызды, құндылықтарымызды жеткізуге тырысамыз. Тыңдарман қауым музыканың ғажайып әлеміне шомып, әртістердің энергетикасынан қуат алып, сан түрлі эмоцияларды басынан өткеріп, әуенді «сезінгенін» қалаймыз. Біздің негізгі мақсатымыз – сіздерді оркестрмен ғана емес, көрерменді сезініп, сахнаны жан-тәнімен сүйетін нағыз әртістермен таныстыру. Театр атмосферасының арқасында тың әсерге бөленіп, ғажайып күй кешеріңіз анық», - деген ойымен бөлісті, оркестр менеджері Айжан Хайдар.
Екінші күні Румынияда өткен опералық-симфониялық дирижерлердің халықаралық байқауының дипломанты, дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестр «Music Tour» бағдарламасын ұсынады. Концерт барысында орындалатын туындылар, сөз жоқ, қазіргі заман көрерменінің көкейінен шығып, ерекше әсер етері анық.
Кеш бағдарламасында орындалатын туындылар: Ә.Бестібаев «Азия дауысы»; Н.Римский-Корсаковтың «Псковитянка» операсына увертюра; А.Меликовтың «Махаббат туралы аңыз» балетінен «Адажио»; М.Мусоргскийдің «Сорочинск Жәрмеңкесі» операсынан «Гопак»; Б.Сметананың «Сатылған Қалыңдық» операсынан «Комедианттар биі»; П.Масканьидің «Ауыл абыройы» операсынан Intermezzo; Дж.Энескудың «Румын рапсодиясы»; Р.Вагнердің «Лоэнгрин» операсының 3 актіне антракт; К.Дебюссидің «Ай сәулесі»; А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай» операсынан би.
Дарынды музыканттардың басын қосқан «Астана Балет» оркестрі жуырда құрылғанымен, кәсіби біліктілігі жоғары, әртістерінің орындаушылық шеберлігі мінсіз. Шығармашылық ізденісінің және музыка материалын заманауи мәнерде өңдеуінің арқасында оркестр ұжымы түрлі бағыттағы музыканы орындап, концерттердің әр түрлі форматтарын ұсынып келеді. Заманауи, әсерлі әуезбен орындалған әуендерге тыңдарманның да ықыласы ерекше.
Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.