Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі отандық шығармашылық ұжымдар, солисттер мен мәдениет қайраткерлерінің жетістіктерін одан әрі дамыту және көпшілікке насихаттау мақсатында Өнер саласындағы UMAI ұлттық сыйлығын тағайындады.
«Хореография өнері» номинациясы бойынша, шығармашылық және кәсіби жетістіктері үшін «Үздік хореограф» сыйлығына үміткер ретінде «Астана Балет» Театры атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти, «Балетті үздік орындаушы» сыйлығына – театрдың жетекші солисттері Сүндет Сұлтанов пен Айнұр Әбілғазина, «Үздік балет спектаклі» сыйлығына – «Бейбарыс сұлтан» мен «Жібек жолы» ұсынылып отыр. «Театр өнері» номинациясы бойынша, сахнаны көркемдік безендіру жағынан сайысқа түсетіндер Асқар Ысқақов, Жандос Омаров пен Наталья Протасова.
«Хореография өнеріне деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Ұлттық сыйлықтың тағайындалуы – еліміздің мәдени тынысындағы тың құбылыс әрі өз жетістіктеріңді көрсетудің кілті», – дейді Айгүл Тәти.
«Байқауға қатысу, әсіресе, Ұлттық байқауға қатысу зор жауапкершілік. Өз шығармашылығыңа зерделеп қарап, оны ой елегінен өткізіп, талдауға мүмкіндік беретін сәт. Кез-келген елдің тәжірибесіне қарасақ, конкурстардың, сайыстардың, сыйлықтардың тағайындалып, өткізілуі – дүниетанымыңды кеңейтуге жол ашудың құралы. Байқауға қатысушылар мен сырт бақылаушыларға да қатысты осылай айтар едім. Себебі, сыртынан бақылаушылар жаңа есімдерді, жаңа дарын иелерін танып жатады. Меніңше, бұл мәдени ортадағы тың бағыттардың қайнар көзіне айналуы мүмкін», – деген ойымен бөлісті, Мукарам Авахри.
«Ұлттық балетті дамытуға, балет сахнасында ұлттық дәстүрді паш етудің көркемдік құралдарын іздеп, игеруге баса назар аударылғаны қуантады. Осы күні қазақ биі әлемдік хореография саласында өз орнын айқындап, тарихы бай, мағынасы терең, қайталанбас өрнегі бар әсем би ретінде танылып келеді. Қазіргі таңда қазақ биі отандық сахнада ғана емес, халықаралық сахнада да қайта түлеп жатқандай күй кешуде. Түрлі елдердің хореографтары мен бишілерінің қазақ биіне деген қызығушылығы артып келеді. Себебі, оның өзіндік қуаты, қайталанбас өрнегі бар», – дейді Айгүл Тәти.
«Соңғы он жылдықта өнер саласы дамып, қоғам тарапынан да сұраныс барын бәрі көріп отыр ғой. Шығармашылық, өнердегі рухани тәжірибе арқылы ерекше күй кешіп, бір саты болсын жоғары көтерілу маңызды. Жасыратыны жоқ, өнер саласында жүрген бізді бұл қуантады. Біз театр өнеріне алғыс білдіретін көрермен қауымнан қуат аламыз», – заключила Мукарам Авахри.
Өнер саласындағы UMAI ұлттық сыйлығына ұсынылған «Астана Балет» театрының балетмейстерлері Мукарам Авахри мен Айгүл Тәтидің тәжірибесі әрі білімі мол, ұлттық би мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тұлғалар. Ал, ұлт өнерінен бастау алған олардың шығармашылық ізденістері дүниежүзі көрермендерінің жүрегінен орын тауып, ыстық ықыласқа бөленіп келеді.