Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Астана Балет» театрында «НК «Kazakh Tourism» АҚ, сонымен қатар, Астана Конвеншбюро, астаналық және Еуразиялық туризм қауымдастығы мен театр арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум елордасының туристік кластерін бәсекеге қабілетті етіп, тарихы, дәстүрі мен мәдениеті бай Қазақстанға шет елдік туристерді тартуға ықпал етпек.
«Астана Балет» Қазақстан астанасының туристік брендіне айналмақ. Қазақстандықтар мен шет елдік туристерді «Астана балет» театрының тыныс-тіршілігімен таныстыру мәдениет саласында шет елдік меймандарды қызықтыратын тың жоба болмақ.
Театр Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Театр репертуарында сан-алуан жанрдағы балеттер мен концерттік бағдарламалар бар: классика мен неоклассикадан бастап, contemporary мен ұлттық биге дейін. Репертуар Қазақстан, Ресей, АҚШ пен Германия, Қытай мен Бразилияның әйгілі балетмейстерлері қойған жиырмадан астам спектакльден жасақталған. Классика, неоклассика мен халық стилінде жасалған хореографиялық миниатюралардан тұратын бұл қойылымдар «Астана Балет» театрын турпакетке қосуға мұрша береді.
Осы күні туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамып жатқан саласы. Туристер барған аймағының архитектуралық ескерткіштерімен, мәдени ерекшеліктерімен танысуға асық. «Астана Балет» - экскурсия жүргізетін ғажайып ғимарат. Ол жас шамасы әрқилы туристерді қызықтыратыны аян. Әлемнің кез-келген жерінен келген мейман үшін, театр ғимараты мәдени туризм нысанына айналмақ. Театрға келіп, көрермен ықыласына бөленген шығармашылық ұжыммен танысу – еліміздің хореография өнерінің тарихымен де танысу. Театрға келу – мәдени-танымдық, этникалық және ойын-сауық туризмін жандандыра түсері анық.