17/04/2020

«Астана Балет» пен «Eurasian Dance Festival» спектакльдердің онлайн-көрсетілімін бастайды

20-сәуірден бастап, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен
«Астана Балет» театры, «Eurasian Dance Festival» бірлесе отырып, астаналық
театр сахнасында өткен халықаралық балет өнері фестивалінің аясында
көрсетілген спектакльдер мен гала-концерттердің онлайн-көрсетілімін
жүргізеді.

«Әртістер мен көрермендердің театр залына қайта оралуын күте отырып, Еуропа мен Азияның айтулы театрлары мен би ұжымдары біздің сахнада көрсеткен жарқын қойылымдарының бейнежазбаларының архивтерін көрсетейік деп шештік. Үш жыл ішінде, бұл балет фестивалі Қазақстанның мәдениетіндегі елең етерлік құбылысқа айналды. Көрермен қауымды осы қойылымдармен танысуға я болмаса сүйікті спектакльдерін қайта тамашалауға шақырамыз», - деді театр басшылығы.

Көрермен қауым әлемдік классика жауһарлары, халық шығармашылығы мен қазіргі заманғы әйгілі хореографтардың туындылары түйіскен фестиваль жазбаларын тамашалай алады.

Көрерменмен қауышудың жаңа форматы Ресей, Португалия, Голландия, Германия мен Қазақстан әртістері қатысқан жұлдызды гала-балеттен басталмақ. Онлайн-көрсетілім 20-сәуірде,  Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 20:00, «Астана Балет» театрының ресми YouTube-арнасынан көрсетіледі. Жазбаны тікелей эфирден көріп үлгермегендер үшін, спектакльді көрсетілімнен кейін, 24 сағат ішінде тамашалау мүмкіндігі бар.

 

22-сәуір, сағат 20:00 әйгілі испаниялық би триосы Castro Romero ұсынған «Escencia Flamenca» бағдарламасының онлайн-көрсетілімі өтеді.

30 жылдық ғұмырында бұл ұжым көптеген жобаларды жүзеге асырған. Соның ішінде, танымал әртістермен жұмыс істеп, фильмдерге түсіп, әлемдік опера жұлдыздарымен концерттерге қатысқан. «Фламенко квинтэссенциясы» бағдарламасы 10 бөлімнен тұрады. Мұнда әртістер фламенко мен оның болмысы туралы баяндайды.

Фестивальге қатысқандардың біріҚытай ұлттық балетін 24-сәуірде, сағат 20:00 көре аласыз. Екі бөлімнен тұратын бағдарламаға хореографтар Ван Ци мен Фэй Боның екі миниатюрасы енген. Сянь Синхай музыкасына қойылған «Сары өзен» балетінің соңғы екі бөлімі мен П.И.Чайковскийдің «Патетикалық» симфониясының музыкасына қойылған «Өмір дастаны» балеті.

Спектакльдер YouTube арнасының «Премьералар» форматында көрсетіледі. Платформадан спектакльдердің басталуы жайлы хабарлама алу үшін, «Астана Балет» театрының ресми арнасына тіркелу қажет.