28/02/2020

«Астана Балет» театры Семейге гастрольдік сапармен бармақшы

Наурыздың 25-26 күндері «Астана Балет» театрының ұжымы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында Семей қаласында өнер көрсетеді. Абай атындағы музыкалық-драма театрының сахнасында ұлттық хореографияның үздік үлгілері мен әлемдік балет жауһарынан құралған таңдаулы бағдарлама көрсетілмек.  

Семей қаласының тұрғындары мен қонақтары ХХ ғасыр балетінің алтын қорына жатқызылған туындыны алғаш рет тамашалайтын болады. Джордж Баланчиннің П.Чайковский музыкасына қойған «Серенада» балеті америкалық хореографтың үздік туындысы саналады.

«Көпшілік, бұл балеттің құпия сюжеті бар деп санайды. Олай емес. Мұнда бишілер ғажайып әуенге би билейді. Балеттің жалғыз сюжеті – серенада музыкасы, қаласаңыз, бұл – ай астындағы би» – деген еді Баланчиннің өзі.

Нұр-Сұлтандағы премьера 2017 жылы өтіп, Баланчин қорымен бірлесе дайындалғандықтан, хореографтың стилі мен техникасының стандарттары толық сақталған. «Астана Балет» театры америкалық әйгілі неоклассиктің шығармасын Орталық Азия аумағында алғаш қойған ұжым еді.

 «Репертуарымызда Баланчин қорының атынан орындау құқы берілген екі спектакль барын мақтаныш тұтамыз. Бұл - «Серенада» мен «Кончерто Барокко» балеті. Қор хореограф мұрасына ерекше ыждаһатпен қарап, труппаның, жалпы, театрдың деңгейіне белгілі бір талап қояды», - деді «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Екінші бөлімде, театрымызды әйгілеп тұратын «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетілмек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған ұлттық нақыштағы миниатюралар қазіргі қазақ хореографиясын тануға мүмкіндік береді. Мұнда этнография элементтері, би дәстүрі мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тапқан.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған концерттік нөмірлердегі қайталанбас пластикалық көркем сурет, ықшамдық пен мың бұралған бишілердің би өрнегі ерекше тартымды. Қазақ биінің інжу-маржанынан құралған бағдарлама ғажайып өрнектерімен баурап әкетеді.

«Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті театрымыздың гастрольдік бағдарламаларына дәстүрлі түрде енгізіліп отырады. Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк сынды қалалар мен өзге де елдерде көрсетілген бағдарлама көрерменнің ерекше ықыласына бөленген.  Эстетика, сән-салтанат, көркем костюмдер, хореографиялық туындылардың терең мағынасы күллі әлем көрермендерін тәнті етеді.

Айта кетейік, «Астана Балет» Театры Абай атындағы драма театрының сахнасында осыдан бес жыл бұрын өнер көрсеткен болатын. Ол кезде көрермен назарына ұсынылған «Шығыс рапсодиясы» бағдарламасы театр ұжымының Қытай, Ресей, Франция, Әзірбайжан мен Мажарстанда өткен гастрольдері барысында да көрсетілген. Хореографиялық миниатюраның көркем пластикасы, қайталанбас бейнелер мен ғажайып костюмдер көрермен көңілін баурап әкетеді.