15/06/2021

«Астана Балет» театрының Көкшетауға гастролі

                                                

7-8 шілдеде «Астана Балет» Театрының шығармашылық ұжымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен шығады. «Көкшетау» Мәдениет үйінде ұлттық хореографияның үздік үлгілері мен неоклассикалық бір актілі балет көрсетіледі.

«Астана Балет» Театрының Көкшетауға гастрольдік сапарының шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасымен ашылады. Театрды әйгілеп тұрған бұл бағдарлама ұлттық бояуы қанық би өрнектері мен музыка әуезі арқылы еліміздің ірі қалаларымен қатар, Еуропа және Американың талғампаз көрерменінің жүрегін баурап алған. Ұлттық тақырыптағы миниатюраларда этнографиялық материал мен батыл балетмейстерлік шешімдер үйлесім тапқан. 

                                                 

Дивертисменттің әр биінен халқымыздың дүниетанымын танып, Ұлы Дала кеңістігінде орын алған ғажайып оқиғаларға қанық боласыз. Қайталанбас пластикалық өрнектер, ықшамдылық пен мың бұралған бишілердің өнері тамсандырмай қоймайды. Концерттік бағдарлама визуалды-көркем әсерлермен және әсем костюмдермен ерекшеленеді. Эстетика, көздің жауын алар көріністер мен хореографиялық туындының терең мазмұны көрермен жанын жадыратып, көңілінің төрінен орын алады.

Хореографиялық салтанаттың шымылдығы, шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған, театрымыздың репертуарындағы неоклассикалық қойылыммен жабылады. «A Fuego Lento» («Баяу жалын») балетінде оқиға классикалық қойылымдарға тән сарынмен баяндалмайды. Бұл – махаббат пен құштарлық жайлы балетмейстердің ұшқыр қиялының жемісі. Ғашық жандардың бойын билеген ғаламат сезім суреттелетін туынды. Бұрын-соңды беймәлім ұшқын-сезімнен пайда болған алау бойыңызды баурап алып, төңірегіңізді жалмап әкетер жалынға айналатынын суреттейтін қойылым.

                                            

Бір актілі балеттің әр биі – сезімтал әрі ерекше ырғақтағы танго элементтері қолданылған хореографиялық миниатюра. Мұнда - орындаушылықтың ғаламат техникасымен қатар, албырттық пен шынайы сезімді суреттеуге ерекше көңіл бөлінген. Себебі, танго үшін жалған сезім жат. Ал, сезімнің шынайылығына көз жеткізу үшін, сүйіктіңіздің құшағынан ыстық не болуы мүмкін?  

Репертуарының сан-алуандығы мен орындаушылық шеберлігі және сахнаны безендіру сапасы жоғары болғандықтан, «Астана Балет» қойылымдары өз елімізде ғана емес, шет елдерде де ерекше ілтипатпен қабылданады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі сыншылар қауымы хореографиялық миниатюралар дәстүрлі идеяға берік болғанымен, интерпретация даралығымен ерекшеленетінін, орындаушылардың асқан шеберлігі мен стильдің мүлтіксіз сақталатынын алға тартады.