«Астана Балет» театры Миланда мазмұнды әрі жарқын бағдарламасын көрсетпек. 2018 жылғы қыркүйектің 9 мен 10 күндері театр труппасы тарихи Миланның қақ ортасында орналасқан «Teatro Nuovo» сахнасында өнер көрсететін болады. Театр гастролі Мәдениет және спорт министрігінің мұрындық болуымен, «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отыр.
«Астана балет» театрының ұжымы «Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасын жүзеге асыруға ат салысып, отандық өнердің жайһарларын әлем сахналарында танытып келеді.
«Биыл елордасы Астананың жиырма жылдығы аталып өтуде. Осы оқиғаның аясында, біз, Астананың ең жас театрының шығармашылық ізденістерін италияндық көрермен назарына ұсынбақшымыз. Труппамыз үшін, гастроль – шығармашылықты ынталандырудың кілті, әлемнің даңқты қаласының аудиториясы алдында күшімізді сынап көрудің мүмкіндігі. Талғампаз көрермен бізге қошемет білдірер, деген үміттеміз», - дейді, театр директоры Валерий Күзембаев.
Театр директоры Валерий Күзембаевтың сөзінше, театр өзіндік өнер туындыларын ұлттық мол мұраға сүйене отырып, әлемдік мәдениет әсерімен дүниеге әкеледі.
Қазақстанның балет ұжымы «Астана Балет Гала» атты мазмұны бірегей концерттік бағдарламаны тарту етпек. Оның ішіне ұлттық хореографияның жайһарларымен қатар, труппа репертуарындағы неоклассикалық миниатюралар еніп отыр.
Бағдарламаға ұлттық бояуы қанық хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділері енген. Бұл композициялардың бәрі бай халық дәстүрімен, сан-қарлылығы және мол қуатымен ерекшеленеді. Ғажап музыка, қайталанбас көркем бейнелер көрермен көңілін баурап алып, жүрегіне мәңгі қонақтайды.
Ұлттық тақырыптан бөлек, көрермен қауым театр репертуарындағы Рикардо Амаранте қойған неоклассикалық спектакльдердің үзінділерін тамашалай алады. Оның «Love Fear Loss, «A fuego lento» балеттері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Балетмейстердің қайталанбас пластикалық тілі - ерекше нәзік қойылымдарынан аңғарылып тұрады.
Анықтама есебінде:
«Астана балет» театры Мәскеу, Санкт-Петербор, Бейжің, Париж, Вена, Сеул, Будапешт, Баку, Минск, Нью-Йорк, Токио, Варшава және Брюссель қалаларының ірі мәдени ошақтарында өз бағдарламаларын көрсету мәртебесіне ие болған.