4-желтоқсанда «Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы Семей қаласына гастрольдік сапармен барады. Гастроль Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасында ұлттық хореографияның үздік үлгілері көрсетіліп, көрермен қауым қазақтың байтақ даласына саяхат құрғандай күй кешеді.
«Астана Балет» театрының негізгі бағыттарының бірі – ұлттық хореографиялық пластика негізінде тың би композицияларын жасап, дамыта түсу. Осы бағытта еңбек етіп жүрген қазақ балетмейстерлері этнографиялық материал мен қазіргі заман хореографиясын үйлестіре отырып, ұлттық бидің өзіндік болмысы мен бірегей ерекшелігін сақтап қалуға талпынып келеді.
«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы театрды әйгілеп тұрған туындыға айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған хореографиялық миниатюралар – көшпелілердің дүниетаным фәлсафасын сан қырынан суреттейтін әпсаналар іспетті. Қайталанбас пластикалық өрнек, мың бұралған бишілер көздің жауын алып, тамашалап отырған көрермен қауымның көкейіне қонады.
Осы бірегей бағдарлама театрдың барлық гастрольдік сапарларында көрсетіледі. Оны Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк және өзге де қалалардың көрермендері тамашалап, зор ілтипатын танытқан. Эстетика, көздің жауын алар сахнадағы өрнек, жарқын бейнелер мен қызықты драматургия әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермен қауымды тамсандырып, жүрегінен мәңгілік орын алды.
Сонымен бірге, осы кеште «Жусан» (музыка Қ.Шілдебаев, С.Рахманинов, А.Пярт) бір актілі балетінен үзінді көрсетіледі. Мукарам Авахри қойған «Жусан» қойылымы отандық хореография тарихында ұлт тарихын суреттеген алғашқы бір актілі балет саналады. Бұл туындыда жусан бейнесі арқылы халқымыздың асқақ рухы, тарих қатпарларындағы қараңғы түнек пен жарқын күндердің тізбегі, жалпы, еліміздің мұқалмас қайраты сипатталған. Байтақ даламыздың жусан сынды символына байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, кинорежиссер, сценарист Бақыт Қайырбеков талай дүние шығарған. Ақынның өлеңдері мен суреттеген бейнелері аталған балеттің либреттосына негіз болды.
Спектакльдердің басталуы: 4 желтоқсан, сағат 14:00 және 18:00.
Айта кетейік, «Астана Балет» театры Абай атындағы драма театрының сахнасында бұған дейін де өнер көрсеткен. Алты жыл бұрын көрермен назарына «Шығыс рапсодиясы» концерттік бағдарламасы тарту етілген-тін. Шығыс мәнерінде қойылған ғажайып, әсем билердің жиынтығы Қытай, Ресей, Франция, Әзірбайжан және Мажарстан елдерінің қалаларында да көрсетілген болатын. Осы бағдарламада топтастырылған хореографиялық миниатюралардың көркемдік тілі, қайталанбас бейнелері мен сәнді костюмдері – көрген жұртты елітпей қоймайды.