Жаңа жылдың қарсаңында «Астана Балет» театрында, дәстүрге айналған, Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» ертегі-балетінің кезекті көрсетілімі өтеді. Желтоқсан айының 25 – 30 аралығында астаналық театр әртістері жас көрермен мен олардың ата-аналарына арнап, маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін ғажайып спектакльді тарту етеді.
Дүниежүзіне танылған ертегі-балет жаңа жылдық мерекенің дәстүрлі символына айналды. Бұл туындының ондаған интерпретациясы бар. Алайда, Василий Вайнонен редакциясы әлемнің жетекші театрларында қойылып келеді. Ең әуелі, өзінің алғаш тұсауы кесілген Мариинский театрында. Балеттанушылар Вайнонен редакциясының ертегіге сай екеніне баса назар аударады. Мұнда бәрі бар: әдемі сценография, романтикалық кейіпкерлер, әсем костюмдер мен мінсіз хореография.
Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған жаңа жылдық спектакльге «Астана Балет» театрының әртістері ғана емес, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары да қатысады. Алғаш тұсауы кесілген сәттен бастап, бұл балет қаламыздың мәдени тынысындағы зор құбылысқа айналды.
«Щелкунчик» - ұлы композитор Петр Чайковскийдің музыкасымен сүйемелденген Гофманның ғажайып ертегісі. Махаббат пен достықты жыр еткен туынды. Мұнда – жақсылық салтанат құрып, бәрі сәтті аяқталады. Дегенмен, бас кейіпкерлер үшін біршама алаңдауыңызға тура келеді. Спектакльді тамашалаған жанның пәк сезімі оянып, ең бастысы, бұл туынды – балалардың көңілінен шығады. Себебі мұнда – жүзеге асқан ғажайыптар жайлы баяндалады ғой. Сахнада нағыз сиқыр орын алады: мейірім, жақсылық пен үміт сәулесі тұтанған мерекелік көңіл-күй, ортада жарқ-жұрқ еткен шырша, жан бітіп, тірілген қуыршақтар...
Жаңа жылдық көңіл-күй мен «Щелкунчик» ертегі-балеті ешкімді бей-жай қалдырмайды. Мың бұралған әртістердің мінсіз биі оркестрдегі музыка аспаптарының сиқырлы үнімен астасып, сахнадағы көріністен ерекше әсер аларыңыз даусыз.
Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.