«Кармен-сюита» бір актілі балетінің премьерасы

 «Кармен-сюита» бір актілі балетінің премьерасы

Музыка - Жорж Бизе-Родион Щедрин

Либретто мен хореография - П. Мерименің осы аттас новелласы бойынша, А. Алонсо

Қойған – Тимофей Лавренюк

Суретші-сценограф – Жандос Омаров

Костюм суретшісі – Наталья Протасова

Жарық суретшісі – Евгений Тихонин

«Астана Балет» театры бір актілі балеттер кешін тарту етеді. Бағдарлама аясында «Кармен-сюита» балетінің премьерасы өтіп, «Орфей мен Эвридика» балеті көрсетіледі.

«Кармен-сюита» - ХХ ғасырдағы балет өнерінің қайталанбас үлгісі саналады. Еркінді ту еткен, сезімі албырт Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітіріп, ал, ең мықты балериналар осы партияны орындауға құштар.

Жорж Бизенің «Кармен» атты әйгілі операсының хореографиялық интерпертациясы Майя Плисецкаяға арнап шығарылған еді. Опера тақырыбына музыкалық транскрипция жасаған композитор Родион Щедрин. Ол ерекше ынтызарлықпен жұмыс істеп, әйгілі опера мен Проспер Мерименің новелласындағы психологиялық астарлы ойды музыка тілімен өрнектей білді. Ал, кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын әрі бірегей хореографиясының арқасында кейіпкерлердің сезімі мен арман мұраты барынша нанымды суреттелгені соншалық, «Кармен-сюита» би өнеріне құштар жандардың сүйікті балетіне айналып, танымал театр сахналарынан тиісті орнын алды.

Кештің екінші бөлімінде «Орфей мен Эвридика» бір актілі балеті көрсетіледі

Музыка – Сергей Прокофьев, Эдуард Уильям Элгар, Георг Фридрих Гендель, Дэвидсон Джаконелло

Қоюшы-балетмейстер – Кристина Полин, Германия

Сценография – Отто Бубеничек, Германия

Костюм суртешісі – Деннис Пешке, Германия

«Орфей мен Эвридика» - модерн элементтері бар неоклассика мәнерінде жасалған Ежелгі Грекия мифінің хореографиялық интерпретациясы. Осы бір махаббат хикаясы өнер адамдарын ерте заманнан қызықтырып келеді.

Бұл балетте хореограф фәлсәфалық әрі рухани мәселелерді көтеріп, өмір мәні, жанның мәңгілігі жайлы ой толғап, махаббат пен өнердің асыл күшін дәріптейді. Оның Орфейі әйгілі жазушы, ал, Эвридика – оның сүйікті жары, музасы әрі шабытын қайрайтын жан.

Сахна костюмдерінде осы мифтің символикасы көрініс тапқан. Ал, сценографияда тауға ұқсайтын біртекті емес айналы геометриялық бейнелер қолданылды. Сахнадағы оқиға көрермен қауымның ой-санасын билеп алып, бишілерден тарайтын сезім күші ерекше күйге бөлейді.